ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮРДІҢ 450 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮРДІҢ 450 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» қазақ тарихындағы даңқты тұлғалардың бірі, мемлекет қайраткері әрі қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс!» атты республикалық ақындар айтысының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтаған тағылымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен танымал айтыскер ақындар, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер қауым және жастар қатысты.
Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, аймақ басшысының
құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде Жалаңтөс Баһадүрдің қазақ тарихындағы орны ерекше екенін атап өтіп, мұндай рухани шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.
– Ұлы Жеңістің 81 жылдығы күні даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының өтуі – тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» деген болатын. Бұл сөз – бүгінгі рухани шараның негізгі мәнін айқындайды, – деді Мейрамбек Шермағанбет.
Сонымен қатар, ол Жалаңтөс Баһадүрдің ел тарихындағы ерен еңбегіне тоқталып, оның тек қолбасшы ғана емес, көреген саясаткер, ел бірлігін сақтаған тарихи тұлға екенін атап өтті.
– Жалаңтөс Баһадүр – Қазақ хандығының сындарлы кезеңінде ел тұтастығын сақтап, мемлекет мүддесі жолында қызмет еткен бірегей тұлға. Оның батырлығы мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі республикалық айтыстың маңызы ерекше. Себебі айтыс – ұлт рухын көтеретін, халықтың тарихы мен тағдырын жырлайтын қасиетті өнер. Қатысушылардың бәрі – бейбіт күннің батырлары, сөз өнерінің жүйріктері. Сондықтан бүгінгі додада батыр рухы асқақтап, елдік мұрат жырланады деп сенеміз, – деді ол.
Республикалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» және мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп қазылық етті.
Ал аламан айтысты белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізіп, ұлттық өнердің көркін қыздырды.
Айтыстың ерекшелігі – жыр додасының жасанды интеллект көмегімен жасалған Жалаңтөс Баһадүр образындағы арнайы тақырыптық монологпен басталуы болды. Заманауи технология мен ұлттық руханият үндескен көрініс көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Тарихи тұлғаның ерлігі мен елдік жолындағы қызметі көркем монолог арқылы
бейнеленіп, көпшілік рухани әсер алды.
Жалпы, Сыр өңірінде Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған мәдени-көпшілік және рухани шаралар жыл бойы ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, ғылыми конференциялар, тарихи-танымдық кездесулер, жастар арасында патриоттық бағыттағы іс-шаралар, көрмелер мен әдеби кештер өткізілуде. Мұның барлығы – ұлттық тарихты ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге бағытталған.
Айтыс аламанында еліміздің әр аймағынан келген 12 ақын бақ сынады. Сөз сайысында ақындар ел бірлігі, ұлт рухы, батырлық, тәуелсіздік, тарихи тұлғалардың өнегесі, туған жер тағдыры мен бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін арқау етті. Ақындар Жалаңтөс Баһадүрдің ерлігі мен даналығын жырға қосып, ұлттық рухты асқақтатты.
Көрермендер де айтыс барысында ақындардың тапқырлығы мен суырыпсалмалық өнеріне ерекше ықылас танытып, жыр додасын үлкен қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе, тарихи тақырыптарды тереңнен қозғаған өткір ойлар мен тағылымды тұжырымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен республикалық айтыстың бас жүлдесін Шығыс Қазақстан облысының ақын қызы Жұлдызай Маратбек иеленді. Ол айтыс барысында терең ойлы толғауларымен, тарихи тақырыптарды шебер өрбітуімен және суырыпсалмалық қабілетімен ерекшеленді.
Ал үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, Сыр елінің мақтанышы Мұхтар Ниязов жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Ақынның өткір әзіл мен салмақты ойды ұштастырған өнері көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Екінші орын Қызылжар өңірінің жүйрік ақыны Хавдолла Бейісханға бұйырды. Ал үшінші орынды қыз бен жігіт айтысының танымал өкілі Мақсат Ақанов пен Сыр елінің талантты перзенті Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті.
Сонымен қатар, Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлде белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиға табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, қаржылай сыйлықтар және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Айтыс соңында көрермендер ұлттық өнерді ұлықтаған жыр додасының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қатысушыларға ыстық ықыластарын білдірді.
Рухани шара барысында қазақтың төл өнері – айтыстың ұлт мәдениетіндегі орны, сөз құдіреті мен ақындардың қоғамдағы рөлі кеңінен насихатталды. Сондай-ақ, тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңірудің маңызы ерекше екені айтылды.
Сыр елінде өткен республикалық айтыс ұлттық руханияттың мерейін үстем етіп қана қоймай, тарихи тұлғаларды дәріптеу арқылы елдік сананы жаңғыртуға бағытталған тағылымды шара ретінде көпшілік жадында қалды.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







