ШҚО-да 30 гектар аумаққа жайылған өртті сөндіруге пойыздың көмегі қажет болды

286

Фото: ТЖДШығыс Қазақстан облысында 30 гектар аумаққа жайылған өртті сөндіруге пойыздың көмегі қажет болды.

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 сәуірде Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің сол жағалауында шөп жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Желдің салдарынан өрт одан сайын өршіп кетті. Оқиға орнына өрт сөндіру көлігімен жету көп уақытты алады. Сондықтан жеке құрамды жеткізу үшін қайықтар іске қосылған.

"Құтқарушылар қосымша күш ретінде "Защита" станциясында орналасқан 11 адамнан тұратын "Қазақстан темір жолы" ҰК өрт сөндіру пойызын жұмылдырды. Олар ТЖД қызметкерлерімен бірге қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысты. Өзара іс-қимыл мен бірлескен күш-жігердің арқасында 30 гектар аумаққа жайылған тілсіз жау толықтай сөндірілді", – деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Оқиға орнында барлығы 5 техника, 2 қайық, 24 өрт сөндіруші, "Қазақстан темір жолы" ҰК өрт сөндіру пойызы мен жеке құрамнан 11 адам жұмыс істеді.

Еске салсақ, "Қазгидромет" РМК синоптиктері 28 сәуірге арналған ауа райы болжамын назарға ұсынды.
 Антициклон әсерінен еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында жауын-шашын болмайды, күн ашық болады. Қазақстанның қалған аймақтарында ауа райына Оңтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Нәтижесінде кей өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.