ҚАРМАҚШЫДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 505

ҚАРМАҚШЫДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы бірқатар салаларда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер кеңінен қаралды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және тиісті сала мамандары қатысты. Мәжілісте мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралар жан-жақты талқыланды.

Алдымен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұржан Шәпи ақпараттық жұмыстардың жай-күйі туралы баяндама жасап, 2026 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру бағытындағы жоспарларды таныстырды. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалардың орындалу барысы мен қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Баяндама барысында ақпараттық саясаттың негізгі мақсаты – халықпен ашық байланыс орнату, мемлекеттік бастамаларды кеңінен түсіндіру және қоғамдық келісімді нығайту екені атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.

Сондай-ақ жиында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұлов 2026 жылдың 1 мамырына дейінгі атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Ол әлеуметтік осал топтарды қолдау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту шаралары және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Бөлім басшысының айтуынша, аудан көлемінде әлеуметтік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол мектепке дейінгі тәрбие, орта білім сапасы, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және білім беру инфрақұрылымын дамыту бағыттарына кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар, білім сапасын арттыру, оқушылардың үлгерімін жақсарту және заманауи цифрлық білім беру ресурстарын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Аудан мектептерінде оқу үдерісін жетілдіру мақсатында бірқатар жаңашыл жобалар іске асырылып жатқаны атап өтілді.

Мәжіліс барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек барлық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Жоспарланған міндеттердің барлығы сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже болуы қажет. Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру – басты талап, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі сондай-ақ осы салаларға жетекшілік ететін орынбасары Диас Молдабаевқа барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіруді және бекітілген көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, әрбір бөлім басшысына өз саласы бойынша жауапкершілікті күшейту қажеттігі ескертілді.

Жиын қорытындысында барлық сала бойынша жоспарланған жұмыстарды сапалы орындау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және тұрғындармен кері байланысты күшейту жөнінде нақты міндеттер белгіленді.

Аудан басшылығы алдағы кезеңде де барлық салалар бойынша жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыратын болады.

Қармақшы ауданында халық игілігіне бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

@Қармақшы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі