ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТТЕГІ ЕСІРТКІ НАСИХАТЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТТЕГІ ЕСІРТКІ НАСИХАТЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың кезекті отырысы өтті. Ведомствоаралық жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, салалық министрліктердің жауапты қызметкерлері мен өңір әкімдері қатысты. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев штаб отырысына селекторлық режим арқылы қатысып, өңірде атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың барысын назарға алды.
Күн тәртібінде еліміздегі есірткіге қарсы саясатты іске асыру, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысының жолын кесу, жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына тосқауыл қою, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы күресті күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Үкімет басшысы өз сөзінде нашақорлықтың қоғам үшін аса қауіпті әлеуметтік дерт екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты тек құқық қорғау органдарының міндеті ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше,
мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау саласы, үкіметтік емес ұйымдар және ата-аналар қауымы бірлесіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Отырыста соңғы жылдары есірткіні тарату тәсілдерінің өзгергені, қылмыстық топтардың цифрлық технологияларды белсенді пайдаланып отырғаны айтылды. Әсіресе әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет платформалар арқылы заңсыз есірткі саудасын ұйымдастыру фактілері алаңдаушылық туғызуда.
Осыған байланысты интернет кеңістігін бақылауды күшейту, заңсыз контентті анықтау және оны жедел бұғаттау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда республикалық штаб отырысында көтерілген мәселелер мен өңірдегі ахуал жан-жақты талқыланды.
Жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау саласының жауапты қызметкерлері, қала және аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы есірткіге қарсы күрес мәселесі Мемлекет басшысының және Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, барлық жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру қажеттігін айтты.
– Нашақорлық пен есірткі қылмысы – қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Әсіресе жастардың болашағына қауіп төндіретін бұл дертке қарсы күрес барлық мемлекеттік органдардың және қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, жаңа қауіп-қатерлерге дер кезінде әрекет етуіміз қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мәжілісте интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы іс-қимыл шаралары кеңінен қаралды.
Соңғы жылдары заңсыз есірткі саудасын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды белсенді пайдаланып келеді. Жасырын арналар, жалған аккаунттар және түрлі интернет ресурстар арқылы жастарды есірткі тұтынуға итермелейтін ақпараттардың таралуы қоғам үшін үлкен қауіп болып отыр.
Осыған байланысты облыс әкімі жауапты органдарға интернет кеңістігіне жүргізілетін мониторинг жұмыстарын
күшейтуді тапсырды.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі және цифрлық платформалардағы заңсыз контентті анықтау бойынша жұмысты жүйелеу, анықталған фактілер бойынша жедел шара қабылдау және тиісті органдарға ақпарат жолдау міндеттелді.
Сонымен қатар есірткі сатудың жаңа тәсілдерін анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жандандыру тапсырылды.
Жиында жастар арасында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы ерекше атап өтілді.
Бүгінде есірткіге тәуелділіктің алдын алуда профилактика негізгі құралдардың бірі болып саналады. Сондықтан білім беру ұйымдарында, колледждерде, жоғары оқу орындарында және жастар көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Аймақ басшысы жастарға салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жобаларды күшейтіп, қоғамдық ұйымдарды, еріктілер қозғалысын және беделді қоғам өкілдерін осы жұмысқа кеңінен тартуды тапсырды.
– Ең тиімді күрес жолы – алдын алу. Біз жастарға есірткінің зияны туралы нақты ақпарат беріп, олардың өмірлік ұстанымдарын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыс тек бір реттік акциялармен шектелмеуі тиіс. Жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілгенде ғана нәтиже болады, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте тәуекел топтарымен жүргізілетін жұмыстар да талқыланды.
Атап айтқанда, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына, қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерге және құқық бұзушылық жасауға бейім жастарға ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Психологтар, әлеуметтік педагогтар және жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысатын арнайы бағдарламаларды іске асыру мәселесі көтерілді.
Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де қаралды.
Жаңа талаптарға сәйкес есірткіні немесе психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта пайдалану, сондай-ақ масаң күйде көлік басқару мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде танылады.
Сонымен қатар жұмыс орнына алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде келу, медициналық куәландырудан өтуден бас тарту мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болатыны атап өтілді.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметшілер арасында заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Мемлекеттік қызметші қоғамға үлгі болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызмет жүйесінде тәртіп пен жауапкершілік жоғары деңгейде сақталуы қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында жазғы демалыс маусымындағы балалар қауіпсіздігі мәселесі де кеңінен талқыланды.
Мектеп оқушыларының жазғы демалыс кезеңінде бос уақытын тиімді ұйымдастыру, балалар лагерьлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және демалыс орындарындағы бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге балалар демалатын барлық нысандарға тексеру жүргізуді тапсырды.
Атап айтқанда, лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігі, өрт қауіпсіздігі жүйелері, медициналық қызмет көрсету сапасы және қауіпсіздік талаптарының орындалуы толық тексерілмек.
Талаптарға сәйкес келмейтін нысандардың қызметіне қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны ескертілді.
Сонымен қатар жаз мезгілінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жауапты органдарға балалар мен жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындар көп жиналатын орындарда профилактикалық акциялар өткізу және қауіпсіздік талаптарын насихаттау тапсырылды.
Мәжілісте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру фактілерінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды күшейту міндеттелді.
Құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдарға ойын-сауық орындарына, қоғамдық орындарға және халық көп жиналатын аумақтарға тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды.
Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе жастардың қауіпсіздігі мен олардың заң талаптарын сақтауына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі.
Жиын қорытындысында барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Жалпы алғанда, өңірде нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет кеңістігіндегі заңсыз контенттің жолын кесу және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіле түседі.
Бұл шаралардың барлығы қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







