ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАР ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРДІ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАР ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРДІ
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезектілік тәртібімен қабылдады. Тұрғындармен ашық диалог форматында өткен қабылдауда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымды жетілдіруге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуға және елді мекендердің тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына бұл жолы 12 азамат алдын ала жазылып, олардың екеуі онлайн форматта қатысу мүмкіндігін пайдаланды. Қабылдау барысында әрбір тұрғынның өтініші мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармалар мен мекемелердің басшылары нақты түсіндірмелер берді.
Жеке қабылдау – халық пен билік арасындағы тиімді байланыстың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай кездесулер азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдауға, олардың алаңдаушылығын туғызған мәселелерді зерделеуге және заң аясында шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан облыс әкімдігі тұрғындардың өтініштерін қарауды және көтерілген мәселелердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау, тұрғын үй мәселесі, елді мекендердегі жолдардың жағдайы, көшелерді асфальттау, қоғамдық көлік қозғалысы, балаларға арналған ойын алаңдарын салу және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
Алғашқылардың бірі болып қабылдауға келген Арал ауданының Сексеуіл кентінің тұрғыны Ақтан батыр және Тәжібаев
көшелерін асфальттау мәселесін қозғады. Тұрғынның айтуынша, аталған көшелерде жолдың сапасы төмендеп, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайсыздық туғызуда.
Мәселеге байланысты жауапты мамандар қазіргі таңда аталған көшелерге қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. Қолданыстағы жоспарға сәйкес Ақтан батыр және Тәжібаев көшелерін асфальттау жобасының құжаттарын дайындау 2028 жылға межеленген.
Сонымен қатар Сексеуіл кентінде жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстардың атқарылғаны айтылды. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы Ақорда тұйығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол сапасы жақсартылған. Қазіргі уақытта тұрғындардың сұранысына сәйкес осы тұйық көшенің балабақшаға дейінгі бөлігін жөндеу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы кезеңдердегі жоспарларға енгізілген.
Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Базис-А» мекемесінің теміржол саласы қызметкерлеріне арнап салған тұрғын үйлер құрылысының аяқталуына қатысты мәселе көтерілді.
Жауапты сала мамандарының мәліметінше, қазіргі уақытта екі пәтерлі 38 тұрғын үйдің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Соның ішінде сегіз тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген. Қалған үйлердің құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
Облыс әкімі тұрғын үй мәселесі азаматтардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Қабылдауда Қызылорда қаласындағы Әл-Фараби шағын ауданының тұрғыны өз аумағындағы әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты бірнеше мәселені көтерді. Атап айтқанда, балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу және қоғамдық көлік қозғалысын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Бүгінде Әл-Фараби шағын ауданы қаладағы халық тығыз қоныстанған аумақтардың бірі саналады. Сондықтан мұнда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, аталған шағын ауданда балалар ойын алаңын салуға арналған бос жер телімі анықталған. Қазіргі уақытта бұл жобаны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асыру мәселесі қарастырылуда.
Аталған бағдарлама тұрғындардың өздері ұсынған бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі болып табылады. Бағдарлама арқылы тұрғындар өз аумағындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге тікелей қатыса алады.
Қабылдау барысында қоғамдық көлік қатынасына қатысты көтерілген мәселенің оң шешімін тапқаны да айтылды.![]()
Бұған дейін Қызылжарма-3 тұйық көшесінің тұрғындары №27 қоғамдық көлік бағытының қозғалыс кестесіне өзгеріс енгізуді сұраған болатын. Тұрғындар қоғамдық көліктің С. Бәйсейітова көшесінен Қарауылтөбе ауылына жетпей, бұрылыс тұсында аялдауын қолайсыз деп есептеп, маршрутты қайта қарауды ұсынған.
Тұрғындардың өтініші жауапты органдар тарапынан зерделеніп, қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі мен тұрғындардың қажеттілігі ескерілді. Нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, тұрғындардың ұсынысы қанағаттандырылды.
Бұл өз кезегінде халықтың ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын және көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын көрсетеді.
Қала маңындағы инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қабылдауда ерекше назарда болды. Әл-Фараби шағын ауданынан Қарауылтөбе ауылының шекарасына дейінгі аралықтағы көшелердің жағдайына қатысты сұрақтар көтерілді.
Жауапты мекемелердің мәліметіне сәйкес, аталған аумақта орналасқан жеті көшенің бесеуінде жөндеу жұмыстары толық жүргізілген. Бұл жұмыстарды «Әлем Транс Жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған.
Жол жөндеу жұмыстары барысында көшелердің негізі нығайтылып, асфальт жабындысы төселген. Сонымен бірге жол бойындағы қауіпсіздік элементтері мен су ағар жүйелерін жақсарту бойынша шаралар қабылданған.
Қазіргі уақытта Аралбаева көшесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталу сатысына жеткен. Мамандар жақын уақытта барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілетінін жеткізді.
Облыс әкімі инфрақұрылымдық жобалардың негізгі мақсаты тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін атап өтті.
– Жол, жарық, ауыз су, қоғамдық көлік және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Сондықтан әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды. Барлық жұмыстар қолданыстағы бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жеке қабылдауға келген Ақжарма ауылының тұрғыны мамандығына сәйкес жұмысқа орналасу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, алған білімі бойынша тұрақты жұмыс табу қиындық туғызып отыр.
Мәселені тыңдаған облыс әкімі жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қолдау көрсету үшін өңірде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Қазіргі уақытта облыста жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары іске асырылуда. Бұл шаралар азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік береді.
Облыс әкімі жауапты басқармаларға өтініш иесінің мәселесін заңнама аясында жан-жақты қарастырып, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Әрбір өтініш бақылауға алынып, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Жалпы, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізу өңірдегі ашықтық пен халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Мұндай кездесулер тұрғындардың нақты проблемаларын анықтап қана қоймай, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты негізде қабылдап, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастыру жұмыстарын жалғастыруда. Қабылдаулар барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді.
Айта кету керек, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу тәртібі жеңілдетілген. Тұрғындар қабылдауға жазылу үшін электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. Сонымен қатар бірыңғай e-Otinish платформасын пайдалану немесе әкімдікке жазбаша өтініш жолдау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл тетіктер тұрғындардың мемлекеттік органдарға қолжетімділігін арттырып, азаматтардың өтініштерін жедел қарауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да халықпен ашық диалог жүргізу, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







