Қазалыда «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті
Бүгін Қазалыда 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналарға Президенттің, аймақ басшысының құттықтауы мен ізгі лебізін жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерейлі мерекеде баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, - деді аудан басшысы.
Мерекелік жиында бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елдің берекесі мен бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген ардагерлерге Қазалы ауданының және облыстық, аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларының «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттары», «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгілері табысталды.
Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов және бірқатар ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Қазыналы қариялардың мерейін үстем еткен шарада аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, ардагерлерге аудан басшысының арнайы мерекелік сыйлықтары табысталды.
Шара соңында еңбек ардагері Дәуіт Сайын барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, ақ батасын берді.