ҚАРМАҚШЫДА ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ САЛА МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
ҚАРМАҚШЫДА ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ САЛА МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен өткен мәжілісте құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жан-жақты талқыланды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, тиісті сала жетекшілері мен жауапты мекеме өкілдері қатысты. Мәжілістің негізгі мақсаты – аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын саралап, алдағы міндеттерді айқындау болды.
Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов құрылыс және коммуналдық саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кең көлемде баяндама жасады.
Жиында Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және сумен бұру жүйелерін реконструкциялау жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Аталған жоба аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры мен 84,6 шақырым кәріз желілерін жаңарту жоспарланған. Бұл жұмыстардың
нәтижесінде сумен қамту жүйесінің сапасы артып, коммуналдық қызметтердің тиімділігі жақсарады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жиында Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы да кеңінен талқыланды.
Бүгінде аталған нысандарда ішкі әрлеу, шатыр жабу, инженерлік желілерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Теміржол вокзалдарын жаңғырту жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және нысандардың заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәжілісте аудандық маңызы бар «Төретам–Ақай» айналма жолын күрделі жөндеу мәселесі де қаралды. Аталған жолдың сапасын жақсарту тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Биыл жолдың қалған 1,8 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда ескі жол қабатын бұзу, жер тегістеу және жол негізін дайындау жұмыстары атқарылуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін жол қатынасының сапасы айтарлықтай жақсарып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артады.
Сонымен бірге жиында Иіркөл және Төребай би ауылдарын табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы баяндалды.
Атап айтқанда, Төребай би ауылында газ тарту жұмыстары 80 пайызға жуық аяқталып, бүгінгі таңда 90-нан аса тұрғын үйге газ нүктелері орнатылған. Ал Иіркөл ауылында газ құбырларын жүргізу жұмыстары 60 пайыз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр.
Табиғи газбен қамту – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі артып, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптасады.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары да кеңінен сөз болды.
Қазіргі таңда аудан көлемінде сенбілік жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері, еріктілер мен тұрғындар белсенді қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылған. Көшелерді тазалау, жол жиектерін ретке келтіру, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, саябақтар мен демалыс орындарын күтіп ұстау, арық-атыздарды тазалау және көше бойларын қоқыстан арылту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып отыр. Бұл шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек барлық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екенін атап өтті.
– Әрбір жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан барлық жұмыстар сапалы, уақытылы әрі талапқа сай орындалуы қажет. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, инфрақұрылымдық жобалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Мәжіліс қорытындысында коммуналдық саладағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Бүгінде Қармақшы ауданында құрылыс және коммуналдық салада ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Халыққа қолайлы орта қалыптастыру – басты міндет!
@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







