Сыр еліндегі серпінді істер
Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына орай өңірде өткізілетін игі шаралар тізбектелді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов және Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, Сыр өңіріндегі серпінді бастамаларды баяндап өтті.
"Сыр елінің қойнына бүккен қазына-жауһарларына ерекше мән беріп баптау, оларды халық арасында кеңінен насихаттау, өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбилеуге және Тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыруға ықпал етеді. Осы ретте, тамыз айының аяғы мен қыркүйек, қазан айлары мерейлі әрі саяси оқиғаларға толы екенін ескере отырып, Сіздер арқылы барша облыс халқына Үндеу тастағым келеді. Отанға деген сүйіспеншілік – жиындарда ұран тастау немесе ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Барлық азаматымызда жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Тамырын тереңнен тартып, руханиятымен тау тұрғызған Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсететіндігіне сенімдімін. Жалпы, алдағы қоғамдық-маңызды шаралар азаматтардың жағымды көңіл-күйін қалыптастыруға, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Осы орайда, облыс әкімінің бастамасымен аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады", - деді Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Сейтқалиұлы.
"Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойы аясында облыста көптеген игі шаралар ұйымдастырылады. Бұл сыр маржанына орақ түсіп, қамба астыққа толып, шаруа адамы ілтипатқа бөленетін кезең. Дәстүрге айналған Қызылорда қаласы күнімен ұштастыра отырып мерекелік шаралар өткізу де облысымыздың айтулы мерейтойына ерекше мән беретіні анық. Негізгі шараларға тоқталып өтсем, жыр кештері, кітап көрмелері, Қызылорда туралы ретро концерт, халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аймақтың қоғамдық-саяси дамуы мен тарихи оқиғаларынан сыр шертетін республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыстың 85 жылдық тарихын кеңінен айшықтайтын «Қызылорда облысы: тарих, бүгін, болашақ» тақырыбында арнайы деректі фильм түсіру қолға алынды. Бұдан бөлек, жоғары мазмұнды кітап шығару және аймақтың көрікті жерлері бейнеленген «ФОТО КІТАП» әзірлеу жұмыстары да жүргізілуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын дән – 2023» мерекесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, бәйге сайыстары ұйымдастырылып, бұл күн салтанатты шарамен қорытындыланады. 25 қазан – Республика күніне орай тақырыптық конференциялар мен салтанатты жиындар, 15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің 30 жылдығына мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ", - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Асқарұлы.
"Биыл Қызылорда қаласына – 205 жыл. Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын Қала күні барша қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды. Қала күнін мерекелеуге байланысты 20 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілді. Сәйкесінше, осы жылдың қыркүйек айының басы мен қазан айының екінші он күндігіне дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі деңгейдегі шаралар, және осы күні дәстүрлі «Жастар карнавалы»жастардың карнавал шеруі өткізіліп, республикалық жайдарманшылардың фестиваліне ұласады. Қала күніне арналған мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы Орталық алаңда өткізіледі деп күтілуде. Одан кейін, облысқа қарасты 7 аудан ауылшаруашылық жәрмеңкелерін, кешкі уақытта мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынады", - деді Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Өмірбекұлы.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі