"Хиджабтағы қызды зорлауға әрекеттенген"

434
Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қыз зорламақ болды деген айыппен ҰҚК қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралуда.

Айя Өмірзақованың қорғаушысы Жанна Уразбахованың айтуынша, бойжеткен өзін зорламақ болған сотталушыға кешірім бермеген.

Алайда бойжеткеннің өзін "моральдық өтемақыны алып, кешірім бермеді" деп айыптап, алаяқтық бойынша сотқа бергені белгілі болып отыр. 

"Болған істен кейін сотталушы енесімен бірге менің клиентімнің үйіне келген. Оған келтірілген моральды шығынның өтеуі ретінде бетіне ақша лақтырған. Аяныш сезімін тудыртқысы келіп, "үш баласы бар, әйелі бар, өміріне балта шаппа" деген сияқты әңгіме айтқан. Бойжеткен арызын қайтарып алудан бас тартты, ол өзін зорламақ болған сотталушыны кешірмейтінін жеткізді.

Ал енді оның өзіне қарсы алаяқтық жасады деген желеумен қылмыстық іс қозғалды. Оны моральдық өтемақыны алып, кешірім бермеді деп сотқа беріп отыр. Ойлап қараңыздаршы, күштік құрылымның қызметкері жас қызды ұрып-теуіп, зорламақ болған және өлтірем деп қорқытқан. Ол куәгерлердің арқасында бір ғажайып жағдайда аман қалды. Енді алаяқтық бойынша қылмыстық істің жауапкеріне айналып отыр", - дейді адвокат Жанна Уразбахова. 

Айяның сөзінше, оған түрлі фейк аккаунттардан қорқыту мақсатында жазылған хаттар келеді. Ол сотталушының туыстары болуы мүмкін екенін айтады. 

Бойжеткеннің сөзінше, қазір өзі ғана емес, бүкіл отбасы стрессті күйде. Сотталушының жақтастары жиі келгіштеп кеткеннен кейін жәбірленуші жұмысынан да шығып кеткен екен. 

Қазіргі уақытта сот адвокаттардың сұрауын қанағаттандырып, Айя Өмірзақованы қорғау шараларымен
қамтамасыз еткен.

Еске сала кетейік, оқиға Қарасай ауданында 2020 жылы қыркүйектің 11-інен 12-іне қараған түні болған. Айя Өмірзақова үйіне жету үшін жолай таксиге отырған. Оның сөзінше, зорлық көрсетпекші болған күдіктіні үстіндегі хиджаб та тоқтата алмаған. 

"Кеш түсіп кетті. Үйге қалай жетемін деп уайымдап тұрғанда бір ер адам тоқтап, үйге жеткізіп тастайтынын айтты. Бірақ бір шарты барын айтты, алдымен досын апаруы керек еді. Досын жеткізіп тастаған соң, ол күшпен мені КИЗ жақтағы алқапқа алып барып, зорламақ болды. Мен қарсыластым, ол мені ұрып-тепті, өлтіріп жерге көміп тастаймын деп қоқан-лоққы жасады, басымнан орамалды жұлып алды. "Орамалдың астында қандай қыз екеніңдеріңді білемін" деп мазақ етті", - дейді ол. 

Айя жерден бір уыс топырақ алып, күдіктің көзіне шашып, жолда кетіп бара жатқан көлікке отырып, әрең қашып құтылған.

Сөйтіп бірден полицияға шағымданған, қылмыстық іс тіркелгенімен күдікті ҰҚК департаментінің қызметкері болып шығып, тергеу ісі тоқтап қалған. Әділдік орнату мақсатында, өзін зорламақ болған күдіктіні жазалау үшін бойжеткен Instagram-да істі адал тергеуге көмек сұрап, ашық үндеу жасады.

Бойжеткеннің видеосы желіде резонанс тудырып, істі Алматы облысы полиция департаменті бақылауға алды