Қазалы ауданының әкімі ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесті
Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына баса көңіл бөліп, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізіп келе жатқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Ақтан батыр, Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылдарын аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында әлеуметтік нысандардың жай-күйі мен инфрақұрылымдық жобалардың ағымдағы жағдайы қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан басшысы ауылдарды аралау барысында күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар мен жолдармен танысты. Ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларының баяндамаларын тыңдаған соң, кейбір нысандарға қатысты қажетті құжаттарды әзірлеп, бюджеттік өтінімдер дайындауды тапсырды.
Бүгінгі таңда Жанқожа батыр ауылы мен Бекарыстан би ауылына кіреберіс жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жөндеу жұмыстары жақын арада толықтай аяқталуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бекарыстан би ауылында спорт кешені салынып, дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтап, ауыл тұрғындарына пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырма берді.
Аудан басшысы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев және Майдакөл бағыттарында жүргізіліп жатқан магистралды газ жеткізу жұмыстарымен де танысып, мердігер мекеменің жауапты өкілдерімен кездесті. Газ жеткізу жобасының халық үшін маңызды әрі көптен күткен іс екенін атап өткен Алмасбек Әбілқасымұлы бұл жұмыстарды да тезірек аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру керектігін қатаң тапсырды.
Ауылдардағы кездесулер барысында тұрғындар аудан басшысының жұмысын қолдап, әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытындағы бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қатысты өз пікірлерін айтып, ауылдардың дамуындағы өзекті мәселелерді жеткізді.
Аудан әкімімен өткен кездесу қорытындысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, спорт және медициналық нысандарды жаңғырту, сондай-ақ газ жеткізу жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жүргізілетіндігіне ерекше назар аударылды. Елді мекендерді аралау барысында тұрғындармен кері байланыс орнату арқылы аудан әкімдігі елдің мүддесі мен халықтың талаптарына сәйкес нақты іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті.