ҚЫЗЫЛОРДАДА «АМАНАТ SCHOOL» МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМДЕРІ АЙЛЫҚ АЛА АЛМАЙ ЖҮР

2 553

Фото: Opennews.kz

  Редакциямызға Қызылорда қаласындағы «Аманат school» жеке мектебінің қызметкерлері тығырыққа тіреліп, көмек сұрап хабарласты. Жыл бойы маңдай терін төгіп, еңбек етсе де, бір тиынсыз қалған ұстаздар қауымы бұл жағдайды нағыз бассыздық пен сорақылық деп бағалап отыр. Редакциямызға жолданған бұл шағым – білім ошағын бизнеске айналдырып, мұғалімнің құқығын аяққа таптаған жүйенің бетпердесін ашады. Төменде зарыққан жұмысшылардың нақты уәждері мен жаға ұстатарлық жағдайдың мән-жайын ұсынамыз.

 Мұғалім мәртебесі, ұстаздың ұлылығы туралы мінберлерден айқайлап есеп беретін заманда, Сыр өңірінде жаға ұстатарлық сорақылық орын алуда. «Аманат school» жеке мектебінің ұстаздары мен қызметкерлері бір оқу жылы бойы (2025-2026 жж.) істеген еңбегінің ақысын ала алмай, зарығып отыр. Оқу жылы аяқталса да, айлар бойы бала оқытып, тер төккен мұғалімдердің қалтасы тақыр.

 Мектептің құрылтайшысы Ақмарал Камалова мен мектеп директоры Анар Құрымбекова наразы ұжымды айлар бойы «әне береміз, міне береміз» деген құр уәдемен тойдырып келген. Алайда, нақты іске келгенде ешқандай еңбекақы төленбеген. Ұстаздар қауымы бір тиынсыз, тарығып отырғанда, мектеп басшылығының бұл әрекетін бассыздық демеске шараң жоқ!

 Ең сорақысы – мектеп құрылтайшысы Ақмарал Камалова ақшасы жоқ, банкротқа ұшыраған бейшара кәсіпкер емес. Тұрғындар мен жұмысшылардың мәліметінше, ол кісі қалада бірнеше табысты бизнес көздерін дөңгелетіп отырған белгілі кәсіпкер. Нақты айтсақ: «Дар сана» бөбекжай балабақшасы; «Жаннет» балабақшасы; «Әлем food» азық-түлік дүкендер желісі, осының бәрі Ақмарал Камалованың меншігіндегі, күнделікті табыс әкеліп тұрған кәсіп орындары.

 Ендеше, басқа бизнестерінен миллиондап табыс тауып отырған кәсіпкер неге дәл осы «Аманат school» мектебінің мұғалімдерін аш-жалаңаш қалдырды? Басқа кәсібін дөңгелету үшін ұстаздардың несібесін қиып отыр ма? Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде мұғалімдер немесе кез келген жұмысшы «ақысыз, тегін жұмыс істесін» деген бірде-бір бап жоқ!

 Құрылтайшы Ақмарал Камалова ешқайда қашпайтынын, бірақ ақша болғанда ғана төлейтінін айтып, маңдай терді қор қылған. Еңбек заңнамасын белден басқан мұндай сорақы уәжді кім ойлап тапқан? Қазақстан заңында «құрылтайшының қалтасына ақша түскенде ғана айлық төленеді» деген ереже бар ма еді? Тіпті, жұмыстан босап кеткен ұстаздарға заң бойынша тиесілі есеп айырысу және еңбек демалысының қаражаты да мүлдем берілмеген.

 Наразы жұмысшылар қауымы өздерінің заңды талаптарын ашық білдірді:

 «Әдетте ұстазды ұлы тұлға көрген қазағым, неге бүгін біздің құқығымыз аяққа тапталуда? Мұғалім мәртебесі қайда қалды, әлде бұл тек мінберлердегі сөз жүзіндегі өтірік пе? Біз „Аманат school“ мектебінің ұстаздары және қызметкерлері еңбекақымыздың толықтай төленуін, жұмыстан босағандарға расчетный мен отпускной қаражатының тиын-тебеніне дейін есептелуін талап етеміз!»

 Мектеп ашып, оны бизнеске айналдырған соң, оның шығындары мен жұмысшылардың айлығына құрылтайшы тікелей заң алдында жауапты. Мұғалімдерді құлша жұмсап, айлығын бермей, «ақша болғанда көреміз» деу заңды белден басу, қылмыспен тең әрекет!

 Осы масқара жағдайға байланысты Қызылорда облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы, Облыстық Білім басқармасы және Прокуратура органдары не қарап отыр? Жекеменшік мектепте заңсыздық өршіп, ұстаздардың құқығы тапталып жатқанда, құзырлы органдардың үнсіз қалуы күдік тудырмай ма? Мақаламыз жарық көргеннен кейін, аталған мемлекеттік мекемелер мен мектеп басшылығынан ресми жауап күтеміз.