ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасына қатысты мәселелер қаралған республикалық кеңес өтті. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, құрылыс саласына жауапты мекемелердің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлердің жауапты сала жетекшілері қатысты. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев кеңеске селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі құрылыс саласының жай-күйі мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.
Кеңесте Мемлекет басшысының құрылыс саласындағы тәртіпті күшейту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі сапалы нысандар салу, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері жан-жақты қаралды. Әсіресе соңғы жылдары елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымдарды салу барысында сапа талаптарының қатаң сақталуының маңыздылығы атап өтілді.
Жиында құрылыс сапасын бақылаудың қолданыстағы тетіктері сараланып, техникалық және авторлық қадағалау институттарының жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың міндеттемелерін сапалы орындауы, жобалау-сметалық құжаттамалардың талапқа сай әзірленуі және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс саласында формальды есеп берушілік пен көзбояушылыққа жол беруге болмайтынын
атап өтті. Оның айтуынша, кез келген құрылыс нысанының сапасы жобалау кезеңінен бастап пайдалануға қабылданғанға дейінгі барлық кезеңде толық қамтамасыз етілуі қажет. Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалуы, техникалық және авторлық қадағалау, пайдалануға беру рәсімдері мен кепілдік міндеттемелердің сақталуы басты назарда болуы тиіс.
Кеңес барысында тұрғын үйлердің, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының, мәдениет және спорт мекемелерінің, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдардың құрылысына қойылатын талаптар сөз болды. Сонымен қатар автомобиль жолдары, абаттандыру нысандары, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, сыртқы жарықтандыру жүйелері, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар құрылысының сапасына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары анықталған кемшіліктер мен ақауларды жою үшін бюджет қаражатын пайдалануға жол берілмейтінін жеткізді. Барлық кемшіліктер мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелер аясында толық жойылуы тиіс. Бұл талап құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.
Жиында құрылыс саласындағы бақылау жүйесін жетілдіру мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, тапсырыс берушілердің, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалаушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар қаралды. Құрылыс процесіне қатысушы барлық тараптардың міндеттері мен жауапкершілігі нақты айқындалып, орындалу барысына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігі айтылды.
Қызылорда облысында соңғы жылдары құрылыс саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңірде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде құрылыс саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында өңірдің құрылыс саласына бағытталған қаржы көлемі 349,9 млрд теңгеге жетті.
Бұл қаражат есебінен тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жаңа мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, мәдениет және спорт нысандары пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру, электр желілерін жаңғырту және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Өңірде салынып жатқан әрбір нысанның сәулеттік келбетіне ерекше мән берілуде. Құрылысы басталмас бұрын жобалардың сыртқы архитектуралық шешімдері мен ішкі дизайн жобалары тиісті деңгейде келісіліп, заманауи талаптарға сәйкестігі қарастырылады. Нысандардың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының үйлесімділігі қамтамасыз етіліп, өңірдің сәулеттік келбетін жақсартуға басымдық берілуде.
Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында барлық нысандар тұрақты бақылауға алынған. Облыс әкімдігі мен жауапты басқармалар тарапынан құрылыс барысына жүйелі мониторинг жүргізіліп, туындаған мәселелер жедел шешілуде. Әрбір құрылыс алаңындағы жұмыстардың орындалу қарқыны, материалдардың сапасы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты қадағаланады.
Сондай-ақ құрылыс материалдарының сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құрылыс материалдарын пайдалану арқылы нысандардың беріктігі мен ұзақ мерзімділігі қамтамасыз етілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, пайдалануға берілген нысандардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысында құрылыс саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, бақылауды күшейту және жауапкершілікті арттыру бағытындағы міндеттер нақтыланды. Барлық өңірлерге құрылыс нысандарындағы сапаны басты назарда ұстап, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Құрылыс сапасы – халықтың өмір сүру деңгейі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан барлық құрылыс жобаларында сапа мәселесі басым бағыт ретінде қарастырылып, тұрғындардың игілігі үшін заманауи талаптарға сай нысандар салу жұмыстары жалғасады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







