ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ПУНКТТЕРІНДЕ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

1 508

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ПУНКТТЕРІНДЕ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жалағаш және Сырдария аудандарындағы теміржол қызмет көрсету пункттерінің құрылыс барысымен танысып, нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, теміржол бойындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Осыған байланысты облыс аумағындағы теміржол вокзалдары мен қызмет көрсету пункттерін жаңарту жұмыстарына ерекше мән беріліп отыр.

Алдымен облыс әкімі Жалағаш ауданындағы теміржол қызмет көрсету пунктінің құрылыс алаңына барды.

Жалағаш станциясы арқылы тәулігіне 5 жұп, яғни 10 жолаушылар пойызы өтеді. Аудан аумағындағы 47 шақырым теміржол желісінің бойында 2 станция және 1 разъезд орналасқан. Бұл бағыттағы жолаушылар легінің тұрақтылығы мен теміржол қатынасының маңыздылығын ескерсек, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету пунктінің болуы тұрғындар үшін аса қажет.

Нысан құрылысына 708 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Осы уақытқа дейін ғимараттың іргетасы толық құйылып, цемент-бетон блоктары монтаждалды. Кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, ішкі қабырғалар сыланды. Сонымен қатар электр желілерін монтаждау жұмыстары да толық орындалды.

Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы қабырғалары қапталып, ішкі бөлмелерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан ішінде еденге керамикалық тақтайша төсеу, аспалы төбе орнату жұмыстары қатар атқарылуда. Бұдан бөлек, перронның тіреу қабырғаларын дайындау және монтаждау жұмыстары қолға алынған.

Қазіргі таңда Жалағаштағы жаңа қызмет көрсету пункті құрылысының жалпы жоспарланған жұмыстарының 65 пайызы орындалды.

Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін нысанның айналасын абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, аумақты абаттандыру жұмыстары «Р и А Сервис ЛТД» серіктестігінің демеушілігі есебінен жүргізілмек.

Құрылыс кезеңінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында күту залы мен кассалар теміржол қызмет көрсету пунктіне жақын орналасқан ғимаратқа уақытша орналастырылған. Бұл тұрғындар мен жолаушыларға құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін қажетті қызметтерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді.

Сапар барысында облыс әкімі Сырдария ауданындағы Тереңөзек теміржол қызмет көрсету пунктінің құрылыс барысымен де танысты.

Тереңөзек станциясында да жаңа, заманауи теміржол қызмет көрсету пункті бой көтеріп келеді. Нысанды салуға 669,5 млн теңге қаржы қаралған.

Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның сыртқы келбетін қалыптастыру мақсатында гранитпен қаптау жұмыстары атқарылып жатса, ғимараттың ішкі бөлігінде әрлеу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымға қатысты жұмыстар да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, вентиляция жүйесін орнату, перронның тіреу қабырғаларының негізін тегістеп дайындау жұмыстары қолға алынған. Арматура тоқу, опалубка орнату және бетон құю жұмыстары да қарқын алған.

Жаңа қызмет көрсету пункттерінің пайдалануға берілуі теміржол арқылы қатынайтын тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай нысандардың бой көтеруі теміржол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылады.

Жалпы, Қызылорда облысының аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Өңірде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясына қарасты Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл вокзалдары, сондай-ақ Тереңөзек және Жалағаш қызмет көрсету пункттері жұмыс істейді.

Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлеміндегі 124 теміржол вокзалын, олардың аумақтарын күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Бұл ауқымды жобаға Қызылорда облысындағы 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі платформа енгізілді.

Жоба аясында өңірдегі теміржол нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, жолаушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру, ғимараттарды заманауи талаптарға сәйкестендіру және вокзал маңындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстарына басымдық берілуде.

Бүгінде Арал теңізі, Сексеуіл, Қазалы, Төретам, Жосалы, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары мен Талап бекетіндегі платформадағы жұмыстар толық аяқталып, халық игілігіне табысталды.

Аталған нысандардың құрылысын жүргізуге, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы 10,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл – өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын көрсетеді.

Жаңартылған вокзалдар мен қызмет көрсету пункттері тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне жауап беретін, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыратын нысандарға айналуы тиіс. Әсіресе теміржол қатынасы маңызды саналатын аудан орталықтары мен елді мекендер үшін мұндай нысандардың сапалы болуы әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі.

Облыс аумағындағы теміржол нысандарын жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалағаш пен Тереңөзектегі жаңа қызмет көрсету пункттерінің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін жолаушыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалады.

Бұл жұмыстардың барлығы өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, теміржол инфрақұрылымының сапасын арттыруға және облыстың көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.