ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

1 514

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Қызылорда қаласының Қала күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. Осыған орай сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионында «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды. Шаһар тұрғындары мен қала қонақтары бас қосқан мерекелік кеш туған жерге деген сүйіспеншілікті ұлықтап, Сыр өңірінің бай тарихы мен бүгінгі жетістіктерін дәріптеді.

Мерекелік бағдарлама қаланың екі ғасырлық тарихын, қалыптасу кезеңдерін, бүгінгі келбеті мен даму жолын қамтыған тақырыптық прологпен басталды. Сахналық қойылым арқылы Қызылорданың тарихи маңызы, ел өміріндегі орны және уақыт талабына сай жаңарып, көркейіп келе жатқан келбеті көрермен назарына ұсынылды. Тарих пен бүгінді сабақтастырған қойылым қала тұрғындарының туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырып, мерекенің мазмұнын аша түсті.

Салтанатты шарада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиналған жұртшылықты Қала күнімен құттықтап, Сыр өңірінің тарихи маңызына, Қызылорданың ел дамуындағы орнына және кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Қызылорда – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. Осы өлкеде Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорда – сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы”, – деді.

Бұл – бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлт тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған қасиетті мекен. Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағаны тарихтан белгілі.

Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Кейінгі жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Қызылорданың көркеюіне ерекше үлес қосқан, бүгінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Сіздерді Қала күнімен құттықтап, ыстық ықыласын білдіруде.

Бүгінгі мерейлі мереке Өздеріңізге арналады. Сүйікті қаламыз көркейе берсін! Қызылордамыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! Арман-мақсаттарымыз орындалсын! Халқымыз аман, бірлігіміз бекем болсын! Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Облыс әкімінің құттықтау сөзінде Қызылорданың тарихи мұрасы мен қазіргі даму бағытының өзара сабақтастығы ерекше атап өтілді. Шынында да, Сыр бойы – ежелгі өркениет іздері сақталған, қазақ халқының тарихында айрықша орны бар қасиетті мекен. Ал Қызылорданың бір ғасыр бұрын ел астанасы болуы оның саяси, мәдени және рухани маңызын одан әрі айқындай түседі.

Бүгінде шаһардың даму қарқыны артып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қала көшелері жаңарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылым жетілдіріліп келеді. Мұның барлығы Қызылорданың заманауи әрі жайлы қала ретінде қалыптасуына негіз болуда.

Мерекелік кештің көркін елімізге танымал өнер жұлдыздары қыздыра түсті. Сахна төрінде Индира Елубаева, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш, «KESH YOU» тобы және ALEM өнер көрсетті. Танымал әншілердің орындауындағы әсем әндер мен әсерлі музыкалық қойылымдар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Стадионға жиналған жұртшылық өнер иелерінің өнерін тамашалап, сүйікті әндеріне қосыла ән шырқады. Әсем әуен мен мерекелік атмосфера үйлесім тапқан кеш қала тұрғындарының басын біріктіріп, ортақ қуанышқа ұласты. Гала-концерт соңында ұйымдастырылған мерекелік отшашу аспанды түрлі түске бояп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қызылорда – жаңару мен өркендеудің жолында

Кейінгі жылдары Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында өңірде ірі инвестициялық жобалар қолға алынып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Бұл бастамалар экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы қарқын алып, заманауи әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Қаланың сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе білім беру, спорт, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Биыл қала тұрғындары үшін бірқатар маңызды нысанның есігі ашылды. Олардың қатарында Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі» және «Құзыреттілік орталығы» бар. Бұл нысандар халықтың әртүрлі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, кәсіби дағдыларды дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Аталған нысандардың ашылуы қаланың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, табиғат аясында демалуына және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Қазіргі таңда қалада бірқатар ірі жобаның құрылысы жалғасуда. Атап айтқанда, Президенттік кітапхана, драма театр және бірнеше медициналық нысан салынуда. Бұл жобалар іске асқаннан кейін мәдениет, руханият және денсаулық сақтау салаларының әлеуеті артып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Президент саябағы да өңірдегі абаттандыру жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. «Таза Қазақстан» жобасы аясында ашылған саябақта серуендеуге, отбасымен демалуға және бос уақытты табиғат аясында өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Мұндай қоғамдық кеңістіктер қаланың көркін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да маңызды жұмыстар жүргізілуде. Қаланың сол жағалауын байланыстыратын жаңа автожол көпірі мен ерекше үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл нысандардың іске қосылуы қаланың әр бөлігін байланыстыруға, қозғалыс қолайлылығын арттыруға және тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, Президент саябағы маңында заманауи аквапарк құрылысы басталды. Жаңа демалыс орны қала тұрғындары мен қонақтарына отбасылық демалыс өткізуге мүмкіндік беріп, қаланың туристік және рекреациялық әлеуетін арттыруға үлес қосады.

Спорт саласындағы маңызды жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін кешенде спорттың түрлі бағыттары бойынша жаттығулар өткізуге, жарыстар ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік туады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба өңірдегі спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Қаладағы ауқымды өзгерістер Қызылорданың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи даму талаптарына сай жаңарып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа ғимараттар, абаттандырылған көшелер, қоғамдық демалыс орындары мен әлеуметтік нысандар шаһардың сәулеттік келбетін толықтырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады.

Қала күні – өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерді бағалайтын және болашаққа жаңа мақсаттар белгілейтін ерекше мереке. Қызылорданың әрбір жетістігінің артында туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі жатыр. Сондықтан қаланың өсіп-өркендеуі – баршаға ортақ мақтаныш пен жауапкершілік.

Тарихы терең, тағылымы мол Сыр шаһары алдағы уақытта да даму жолын жалғастырып, жаңа белестерді бағындыра бермек. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асып, мәдениеті мен руханияты өркендеген, инфрақұрылымы дамыған көрікті қалаға айналу мақсаты өз маңызын жоғалтпайды.

Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда! Тарихың тағылымды, болашағың жарқын, мерейің үстем болсын!

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.