"Әлем аруына" қатысқан қызылордалық қыз шулы ақпаратқа жауап берді
"Әлем аруы" байқауында Қазақстан намысын қорғаған "Қызылорда аруы-2019" Камилла Серікбай өзі туралы тараған "экс-әкімнің немересі және жоғары лауазымды шенеуніктің қызы" деген ақпаратқа түсініктеме берді.
Қызылордалық бойжеткен желіде тарап жатқан жаңалықтың шындыққа жанаспайтынын айтып, оны жоққа шығарды. Ол өз отбасының шенеунікке еш қатысы жоқ екенін алға тартты. Камилла Серікбай Instagram парақшасында шу тудырған ақпаратқа түсініктеме берді.
"Мен, Камилла Серікбай Қызылорда облысының экс-әкімінің немересі және жоғары шенді шенеуніктің қызы деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл ақпаратты koyanbayev_qulagi телеграм-каналы мәліметті тексермей жатып тараптып жіберген. Жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын ескерткім келеді. Бұл ақпаратты растап алу үшін БАҚ менімен байланысқан жоқ. Бұл кәсібилікке жатпайды деп есептеймін.Мен және менің отбасымның Нұрғисаев Серікбай Өрікбайұлымен ешқандай байланысы да, таныстығы да жоқ. Және баршаңызға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді", - деп жазды бойжеткен.