Жарқынай Ханайым: Анам мені босанған соң жатырынан айырылды, әжем әкемді қайта үйлендірмек болды

431

Жарқынай Ханайым отбасына түскен сынақ жайлы әңгімеледі. Айтуынша, анасы Жарқынайды босанған соң, жатырынан айырылған. Өмірімен қош айтыса жаздаған. Актрисаның ата-анасының басына түскен қиындықтар мұнымен де бітпеген. Сәби сүйе алмайтын болғандықтан, туыстары отағасына басқа әйел алып бермек болыпты. Жарқынай ештеңеге қарамастан, махаббаттарына адал болып қалған ата-анасына алғысын жеткізді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


Фото: https://www.instagram.com/jarkynaixanaiym/?hl=ru


"Анам мені кесарь тілігі арқылы босанды. Операция кезінде дәрігерлердің сауатсыздығынан баланы алған соң, ішінде жіп қалып қояды. Өзіне келуі қиындап, қайта операция жасалады. Сол кезде жатырынан айырылады. "Енді ана бола алмайсың" деген суық хабар естиді.
Сонымен өмірге мен келемін. Мені перзентханадан анамнан бұрын алып кетеді. Менен кейін анам тағы екі ай жатады. Сол аралықта мені емізген "сүт аналарыма" үлкен рахметімді айтамын. 
Атам бүкіл мүмкіндіктерін қосады. Қан, дәрігерлер іздейді. Сонда да: "Қоштасуға дайын болыңдар, сақтап қала алмаймыз" деген тағы бір суық хабар келді", - дейді Жарқынай.


Дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, Жарқынайдың анасы бар күш-жігерін жиып, ауруға қарсы тұрады. Аман қалып, қызының тәрбиесімен айналысады. Алайда енді ұрпақ сүйе алмайтындықтан, туыстары отағасына басқа әйел алып бермек болады. Сонда Жарқынайдың әкесі қарсылық білдіріп, махаббатына ғұмыр бойы адал болуға серт береді. 


"Әрине, бұл қарапайым жанұяның оқиғасы болды. Бірақ сол сәттерден кейін жұлдыздардай өмір сүрдік. Барлығы қызығып, қылмысып қарайтын болды. Бір қызы не істеп береді екен деп өмірімізге көп араласқан жандар болды. Үйімізді тартып алып, от қойғысы келді. Айтқым келетіні алғыс, Аллаға шүкіршілік. 
Әкем мен анам мінсіз емес, өте қарапайым адамдар. Бірақ қаншама қиыншылықтарға төзіп, бар тапқанын бірге бөліп жеп, береке кіргізіп, жан-жақтан "егер де" дегенді іздемей, барына риза болып, махаббаттары үшін күрескен мен үшін батыр әке мен ана. Мен үшін жанұялық құндылықтардың идеалы болып қалады, - дейді Жарқынай Ханайым.