Төреғалидің қамалуы жүкті әйелінің жағдайына әсер етуде

1 643

Басы тағы да дауға қалған Төреғали Төреәлінің қорғаушысы әншінің әйелі жүкті екенін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Төреғали Төреәліні есірткіге мас күйде Алматы полициясы ұстаған болатын. Әлеуметтік желіге тараған видеода әншінің жанында айқайлаған әйел дауысы естіледі. Төреғали Төреәлінің адвокаты әншінің жанында әйелі Толқын болғанын және оның аяғы ауыр екенін атап өтті.


"Қасында келіншегі Толқын болған. Оның аяғы ауыр. Бірақ әйел адамның жүкті күйіне қарамастан, үстінен аттап басып,  күйеуін көліктен шығармақ болған. Заң бойынша полицейлер  қауіпсіздік мақсатында келіншегін алдымен көліктен түсіруі керек еді.   Осылайша жүктілігіне қауіп келгендіктен әйелінің жағдайы нашарлап жатыр", - деді әншінің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев.


Төреғали Төреәлі жатқан уақытша ұстау изоляторға жедел-жәрдем шақырылған. Заңгердің сөзінше, изоляторда әншіге ешқандай жағдай жасалмаған, сол себепті денсаулығына байланысты Алматыдағы №7 ауруханаға жеткізілген. 


“Қазір әншінің жағдайы орташа”, – дейді Эльнура Кішкенебаева.


Оның сөзінше, Төреғали Төреәлі сол күні Қызылордаға ұшамын деп асыққан. 


“Сол себепті бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жылдамдықты үдеткен. Полицейлер бірінші рет тоқтатқан, сосын жіберген. Алайда біраз уақыт өткен соң қайтадан соңынан қуған. Сөйтіп, ұстаған”, – дейді адвокат. 


Естеріңізге сала кетейік, күні кеше әлеуметтік желіде Lexus көлігі жүргізушісінің ұсталған сәті тарап кетті. Оқиға куәгерлері ұсталған азаматты қазақстандық танымал әнші екенін айтуда.


Ал кейінірек бұл ақпаратты полиция растап, мәлімдеме жасады. Ал кешірек әнші Төреғали Төреәлінің 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.