Димаш Құдайберген "Жаңа толқын-2021" байқауының ашылуында өнер көрсетті

304
Танымал әнші Димаш Құдайберген "Жаңа толқын-2021" халықаралық байқауының ашылуында өнер көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Димаш байқаудың ашулында 2020 жыл 8 наурызда дизайнер Валентин Юдашкиннің мерейтойында тұсауы кесілген Your Love композициясын орындады. Сондай-ақ, ол осы кеште Игорь Крутойдың ақын Шарон Вонның өлеңіне жазған Stranger әнін алғаш рет орындады. Шығарма қобыз үнімен сүйемелденді.

Биыл "Жаңа толқынның" финалында әлемнің 9 елінен 11 қатысушы бас жүлдеге таласады. Байқауға қатысушыларды Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Светлана Лобода, Сергей Лазарев, Артик-Асти, Леонид Агутин, Дима Билан және Димаш Құдайберген секілді қазылар алқасы бағалайды.

"Бұл менің қазылар алқасындағы алғашқы тәжірибем емес. Бұған дейін мен Қытайдағы Super Vocal жобасында, жақында Славян базарында қазылар алқасының қатарында болғанмын. "Жаңа толқын" байқауында алғаш рет қазылар алқасының мүшесі болдым. Бұл жауапкершілікті қажет ететін қуантарлық жайт. Әрине, мен өз елімнің өкілдері үшін жанкүйер боламын, бірақ көмектеспеймін. Өйткені байқауда принцип орнаған, соның арқасында байқау көп жыл бойы өтіп жатыр", - деді Димаш.

Айта кетейік, "Жаңа толқын-2021" байқауына Қазақстан атынан Mezzo тобы қатысады. Бұл топ Қазақстандағы классикалық кроссовер бағытында жұмыс істейтін алғашқы вокалдық топ.

Топ 2012 жылы құрылған. Құрамында: Жасұлан Сыдықов, Жәнібек Сейдахметов, Асан Нұрбергенов және Мейірхан Жантұрғанов бар. Ұжым 2012 жылы X Factor Kazakhstan конкурсында 2-орын алып, танымал болды.