"Анам – мұғалім, әкем – сантехник": әйгілі Андреа Бочеллимен бірге ән шырқаған қазақ қызы
Жуырда қазақ қызы Әйгерім Алтынбек әйгілі тенор Андреа Бочеллимен бір сахнада өнер көрсетіп, қазақ елінің мәртебесін көтерді. Осы орайда Nege.kz тілшіcі Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген аруды іздеп тауып, оны оқырманға жақынырақ таныстыруды жөн көрген,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әйгерім Алтынбек Қызылорда қаласы, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының тумасы. Ән айтуды бес жасында бастаған арудың алғашқы ұстазы – анасы. Әншілік өнер де анасынан дарыған.
Әйгерім жастайынан анасының ықпалымен Байқоңыр қаласындағы музыкалық мектепке оқуға қабылданған.
Ол кісі мені опера жанрындағы түрлі конкурстарға қатыстырып, талантымды шыңдады. Бұдан соң өнерімді байқаса керек, Астана қаласындағы "Шабыт" университетіне шақырту алдым. Онда Татьяна Руднева атты ұстазым баптады.
Ол жердегі төрт жыдық оқумен қатар екі жылдық магистратураны меңгердім. Кейін білімімді жетілдіру мақсатында Италияның Парма қаласындағы Арриго Бойто атындағы консерваторияға түстім, қазір соңғы курста оқып жатырмын. Осылайша бала жастан музыкалық білімімді ұштап келе жатқан жайым бар", - дейді опера әншісі.
"Бочелли әлемге танымал әртіс қой. Ол кісімен бірге ән айту бала кезден арманым еді. Сондықтан оның барлық репертуарын жатқа білемін. Мен Италияда оқи жүріп, бірнеше конкурсқа қатыстым. Сол кезде өнерімді байқаса керек, даңқты әншімен бірге шырқауға концерт ұйымдастырушылар шақырту жіберді.
Концерт соңында жиылған жұрт "Қазақстаннан шыққан тамаша сопрано дауыс иесі" деп мадақтағанда, еріксіз көзіме жас үйірілді. Менің осы жетістікке жетуіме тілекші болған ата-анама, ағайын-туыс баруырларым мен елдегі Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысым ұшан-теңіз!" - дейді ол.
Сұқбат барысында опера әншісі бұл театрға қалай шақырту алғанын да әңгімеледі.
Өткен жылы желтоқсан айында Сан-Марино қаласында Рената Тебальди атындағы 700-ге жуық конкурсант қатысқан үлкен конкурста бағымды сынап, екінші орынды қанжығаладым. Сонда "Ла Скала" театрына тыңдалымға қатысуға шақырту алдым. Тағылымдамадан өтуге сол конкурсқа қатысқанымның ықпалы тиді.
Енді аталған театрдың академиясында екі жыл тағылымдамадан өтемін. Бұйырса, қазан айында оқу басталады. Осы консерваториядан кейінгі білімімді енді сол өнер ордасында жалғастырамын. Бұл – мен үшін әлемге ашылған есіктің бірі", - дейді ол.