Журналист Мұхтар Шахановтан көрген жақсылығын жазды
Журналист Дина Төлепберген әлеуметтік желідегі парақшасында ақын Мұхтар Шаханов туралы әсерлі естелігімен бөлісті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол өз жазбасында ақынның тек сөзбен емес, іспен де қолдау көрсеткенін атап өтті.
«2006 жылы Астанаға енді көшіп келген кезім тұғын. Телеарнаға жұмысқа тұрамын. Көп ұзамай ондағы қазақ тіліне жасалған қысымды байқадым. Ол кезде 50/50 деген заң жоқ болатын. Қорланған тіліміздің жайын күйттеп, бас көтеріппін. Мінезім үшін мен және тағы бір топ журналист жұмыстан қуылған еді. Сол кезде ағыл-тегіл болып, бірақ үмітімізді үзбей Мұхтар ағамыздың үйіне барамыз. Бізді мұқият тыңдап, “келесі мәжілістің отырысында депутаттық сауал жолдаймын. Сендер жайлы айтамын,” деді. Уәдесінде тұрды.
Жұмыстан қуылып, қаржыдан қысылған бізді өз үйінде паналатты. Ал біз, шамасы 6 адамбыз-ау. Сол сәтте мен оның тек ақын, саясаткер ғана емес, адам ретінде қаншалықты биік екенін түсіндім», - деді Дина Төлепберген.
Журналист ақынның қамқорлығы мен адами қасиетін ерекше атап өтіп, сол кезеңнің өз өміріндегі маңызын жеткізген.
«Оның депутаттық сауалынан кейін, әлгі телеарнада тексеріс жүріп, басшылығы ауысты. Кейін 50/50 деген заң шықты. Ал мен КТК арнасына жұмысқа тұрдым. Мәжіліске келген сайын, Мұхтар ағама кіріп, батасын сұрап жүретінмін. Түсінбеген заңдарым болса, ағам асықпай түсіндіруден шаршамайтын. Осындай адамның жанында жүргенім – мен үшін үлкен бақыт. Бір үйде отырып, бір кабинетте сөйлескен сәттер – өмірімнің ең қымбат архиві. Суреттегі сәт – дәл сол кезеңнің куәсі. Мұхтар аға, мен және Айдар есімді оператор. Үшеуіміз Мәжілістегі депутаттың кабинетінде.Өкініштісі сол, өмір – мәңгі емес. Ендігі біздің қолымыздан келетіні - Шахановтың өсиетін оқу, жаттау, дәріптеу. Сонда ғана Мұхтар Шаханов мәңгілік болады. Адамның өзі өлсе де, сөзі өлмесін»,- деп түйіндеді ол.







