Блогер қызметкерлердің әрекеті үшін Астана әуежайын сотқа бермек
Қазақстандық блогер Айша Сәдуақасова Астана әуежайы қызметкерлерінің жолаушыларды тексеру кезіндегі әрекетіне шағымданған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Химар (бас пен кеуденің алдыңғы бөлігін жабатын орамал) киіп жүрген блогер заттарын тексеру лентасына қойып, өзі сканерден өткен. Алайда кейін оны қосымша тексеру үшін тоқтатып, үстіндегі көйлек-жейдесін шешуді талап еткен.
Осыдан кейін блогер әуежай басшылығын шақыруды талап еткен. Оның сөзінше, ол жиі шетелге ұшып, әлемнің түрлі елдеріндегі әуежайларда болған. Алайда жолаушыларды тексеру кезінде мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келгенін айтқан.
Блогердің сөзінше, әуежай әкімшілігі қызметкердің қателік жібергенін мойындап, кешірім сұраған. Ол тексеру жүргізген әуежай қызметкерінде қызметтік бейнетіркегіш болмағанын да айтқан.
Қазір қазақстандық блогер сотқа жүгінуге дайындалып жатыр.
Аталған жағдайға Астана әуежайының баспасөз қызметі жауап берген.
Тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлердің әрекетіне тиісті баға беріліп, ресми түсініктеме жарияланатыны хабарланған.







