Жанель Мақажан: Балалардың әкесі той жүргізіп жүр, бірақ алимент төлемейді
Актриса Жанель Мақажан бұрынғы күйеуі Абай Асылханға қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Өнер иесінің сөзінше, қыздарының әкесі үш айдан астам уақыттан бері балаларына моральдық та, материалдық та қолдау көрсетпей келеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жанель Мақажанның айтуынша, жұбайы отбасынан кеткен кезде балалардың күтушісі, тамағы, балабақшасы, киім-кешегі мен өзге де шығындарын өз мойнына алатынын айтқан. Алайда актриса бұл уәденің орындалмағанын алға тартты.
“2-3 ай бұрын қыздардың әкесі кеткен кезде күтушісін, тамағын, балабақшасын, киім-кешегін, жалпы барлық материалдық жағдайын өз мойныма аламын деген. Сол күйі сөз жүзінде қалды. Бірақ қыздарды қаржылай қамтамасыз ету қажет екенін қанша айтқаныммен, сөзім тыңдалмай келеді”, – деп жазды ол.
Актриса бұрынғы күйеуінің түрлі той мен іс-шара жүргізіп жүргенін еститінін де айтты. Осыған байланысты ол заңгердің көмегіне жүгінуге ниетті екенін жеткізді.
“Неше той, іс-шара жүргізіп жатқанын ұзынқұлақтан естіп жатырмыз. Бір-екеуін салып, басым көпшілігін жасырып жүр екен. Маған тіпті фото, видеоларын сыртынан жіберіп жатқан адамдар бар. Сол себепті өзіме мықты адвокат іздеймін”, – деді Жанель Мақажан.
Өнер иесі оқырмандарынан да көмек сұрады. Ол қандай да бір іс-шарада қыздарының әкесін көрген жағдайда фото немесе видео жіберуді өтінді.
“Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адам адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын”, – деп жазды актриса.
Жанель Мақажан сондай-ақ бұрынғы күйеуіне балалардың ауырып жатқанын, дәрі-дәрмек, жөргек, қоспа, киім мен азық-түлік қажет екенін жазған хабарламасын да жариялады.
“Неге мұны көпшілікке айтып отыр деп сөкпеңіздер. Кей адамдарда бұғатта тұрмыз, ақша сұрап, мазасын алып қойдық”, – деп түсіндірді ол.
Қаз
Рус






