"Бүлікке қарсымыз": Қазақстандық жұлдыздар Тоқаевқа ашық хат жолдады
229
Елдегі жағдай отандық шоу-бизнес өкілдерін де алаңдатуда. Танымал өнер иелері әлеуметтік желі арқылы халықты қолдайтынын білдіруде. Алтынай Жорабаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәселені шешу үшін нақты бұйрық беруді сұраса, продюсер Қыдырәлі Болманов мемлекет басшысына ашық хат жолдады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Жорабаева билік басындағылар жағдайды халықтың пайдасына шешіп беруі тиіс деген пікірде."Қазақты кім қанамай жүр? Көп нәрсеге қыңқ демей шыдайтын елміз ғой. Бір газ қымбаттағанға бола қалың халық нөпір жинала қалған жоқ! Қымбатшылық бір емес, мың жақтан шықты ғой. Батпан байлықтың үстінде өмір сүріп, қарызға батып жүрген қазақпыз ғой. Ашындыратыны да сол. Тамақты да қарызға (kaspi red) алатын жағдайда жүргені қаншама?!
Бір тұтана алмай, бір отала алмай, іште жиналып жүрген халықтың өкпе-назы өршіп кетсе, өшіру қиын болады, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл мәселені "шешу керек" деп тапсырма берумен мәселе шешілмейді. Бағаны түсір, шекті баға – мынанша теңге. Еттің бағасы мынанша мұнан былай деп, нақты бұйрық берілу керек-ау. Әйтпесе үкіметтің мәселе шешіп жүргенін көріп, қарнымыз ашқалы қай заман", – деді ол.
Сондай-ақ продюсер Қыдырәлі Болманов елдің атынан мемлекет басшысына ашық хат жолдады. Ол қазақтың "бүлікші халық" емес екенін айтып, мәселені бейбіт жолмен шешіп беруді өтінді.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ел атынан ашық хат! Қазақ – шабуылшы, бүлікші халық емес! Бұл – пандемиядан да, әділсіздіктен де шаршаған, ашынған халықтың наразылығы! Бейбітшілік шеруі! Қазақ еліне реформа керек! Әділдік керек! Ең керегі билік пен халықтың арасына көпір керек! Билік – халыққа, халық билікке қызмет етуі керек! Сонда ғана бірін-бірі еститін бірлік, бірлікке береке келмек! Халықсыз мемлекет болмайды, мемлекетсіз халық болмас! Осы екі қасиетті ұғымда үйлесім, бірлік болмаса, береке жоқ, береке болмаса, даму жоқ! Даму жоқ жерде болашақ жоқ! Бұл бәрімізге белгілі қарапайым қағида. Біздер мәдениет, өнер адамдары мемлекетіміздің, ұлтымыздың идеологиясына қызмет істейміз. Яғни мемлекетіміздің басшысы ретінде сіздің де, елдің де қызметкерлеріміз. Мемлекетіміздің, биліктің, халқымыздың біртұтастығын қалаймыз, Алладан тілейміз! Бүлікке қарсымыз! Халықтың жан-айғайын естіп, оң шешім шығарылады деп сізге үлкен үміт артамыз! Алаңға шыққан әр қазақтың отбасына аман-есен оралуы сізге аманат!" – деп жазды Болманов.
Актер Бекжан Тұрыс биліктің де, тәртіп сақшыларының да қарапайым халықтың жағына шығатын кезі жеткенін мәлімдеді.
"Қазақ зиялылары қалың ұйқыдан қашан оянады? Дәл қазір азаматтық сөз айтып, азаматтық мінез көрсете алатын зиялылар қайда? Дәл бүгін алдыңғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты Болат Атабаев көрсеткен мінез жетпей тұр. Жыл қазақтың мұңын айтумен басталды, тыңдар құлақ табылып, қазақтың мүддесіне шешілер оң нәтиже көруді нәсіп еткей! Кеше ғана сайланған депутаттардың үнсіздігі аз қазақтың бірін-бірі жек көріп кетпеуіне себеп болмауы керек. Жағдай ушықса, жұдырық болып түйіліп, атқа қонатын қазақты ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды. Өйткені төзім таусылып, сабыр сарқылып барады. Оны бәрі сезіп-біліп отыр", – деді актер.
Сол сияқты шетелде жүрген Мәдина Сәдуақасова ел үшін алаңдап отырғанын жеткізді.
"Көптің сұрағаны аспандағы ай, болмаса жұмақтағы жай емес қой. Қымбатшылық кеудені қысып алқымға жетті, көп балалы, жалғыз ғана асыраушысы бар қаншама отбасы бар. Иен байлықтың үстінде отырған елдің кедей тұруға хақысы жоқ қой.
Біртұтас елімнің маңдайына тас тимесе екен, ауыр шешіммен бүлік болып кетпесе екен. Арандатушылық тызылдап тұрған жара жарылып кетпей, халық сұрап жатқан газ, жарық, жанармай бағасы арзандатылса, әр азаматтың тапқан табысы отбасының берекесіне еркін жетсе екен", – деп тілек білдірді ол.
Ал Бағлан Әбдірайымов Жаңаөзеннен басталып, Алматыға жеткен жағдайды жергілікті биліктің анық жеңілісі деп бағалады.
"Жағдай ушыққанша, ең соңына дейін үнсіз қалып, бүкіл елді көтерген жергілікті БИЛІКТЕ дым абырой қалмапты. Жағдайды ушықтырмай, тұрғындармен кездесіп, олардың айтарын тыңдап, талқыға салу керек еді. Проблемасын шешу керек еді. Енді халықтың жергілікті билікке деген сенімі қалмады.
Мәселенің шешімін тек Президенттен күтеміз", – деді Әбдірайымов.
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов халықты алаңға шығуға биліктің өзі итермелегенін мәлімдеді.
"Ішің ашитыны елімізде ереуіл, бейбіт шеруге жеткізбей шешілуі тиіс мәселені үнемі кешіктіріп отыратындардың ісі. Ертең баға мәселесі шешілген жағдайда да, шеру арқылы шешімін тапқан дүние болғалы тұр ғой. Алаңға шығып, соғыс бастамасаң, ештеңе шешілмейді деген ұғымды билік басындағылар өздері қалыптастырып отыр.
Іс насырға шауып, шаруаның бәрі аттандап жүріп алаңда шешілетін елге айналсақ, мемлекеттік мекемелер мен ғимараттардың не керегі бар?
Бағаның тұрақтылығын тек жалақыда ғана сақтап отырғанымыз рас. Айлық өскен жағдайда да, тұрмыстық заттардың бағасы екі есе өсетінін білеміз. Елдің өкпесі тек газдың бағасынын шығып отырған жоқ.
“Үй алудан үміт үздік, үй сұрамаймыз, пәтер жалдап тұра берейік, тым құрыса аренданың бағасын түсіріп беріңіздерші” деген реніш.
“Шетелден машина алып-сатып күн көруді тоқтатамыз, елдегі көліктің бағасын сәл реттеп беріңіздерші” деген өтініш.
“Өкіметке алақан жаймай, мал өсірейік, шөп, су, жердің дауын шешіп бере алмадыңдар ғой” деген өкпе.
”Елге ұсынған жалақы күн көруге жеткілікті деп ойласаңыздар, сол жалақымен өздеріңіз 1-2 ай өмір сүріп көрсеңіздер қалай болады?” деген ұсыныс.
Біреу банкты тонап кетсе, жалпыға жар салып айтасыздар, бірақ банк бізді тонап жатса да, неге үндемейсіздер?” деген сұрақ.
Өкпе, реніш, өтініш, нала, сұрақ, бәрі жиналып елдің еңсесін басып тұр. Ел президенті өзі тікелей қадағалуында ұстап отырған бұл мәселені, енді жауапты құзырлы мекемелер былықтырып алмай шешіп берсе деп отырмыз. Елдегі баға да, тыныштық та тұрақты болса екен", – деп жазды айтыскер желідегі парақшасында.