RUB (+0.03) 7.96 KZT
USD (-1.36) 476.62 KZT
EUR (-3.40) 485.53 KZT
Шоу-Бизнес
151

Ғаділбек Жаңай: Туған ағам "ән айтпай-ақ қойшы, мені жер қылдың" деді

Ғаділбек Жаңай мектепте оқып жүргенде ерке оқушы болғанын айтады. Бүгінде танымал әнші болғанымен, бала күнінде ел алдына шығудан қорыққан. Таланты болғанымен, көпшілікті көргенде абыржып, әннің сөздерін ұмытқан сәттері де жоқ емес. Бұл туралы әнші Zhuldyz FM радиосына берген сұхбатында айтты. Бағдарламаның толық нұсқасы Tengri TV YouTube арнасында жарияланды.



Радиода Zhuldyz LIVE атты жаңа жоба тыңдарманға жол тартты. Онда танымал әртістер аптасына бір рет жанды дауыста ән орындап, ашық сұхбат береді. Алғашқы шығарылымның қонағы – Ғаділбек Жаңай. 25 мамыр қарсаңында сұхбат берген әнші мектептегі қызықты сәттерін еске алды. 

"Ерке оқушы болдым. 4-сыныпқа дейін мақтау қағазын алдым, сосын болды. Ұстазымыз "Шүренбайдың баласы ән айтады екен" дегенді естіп алған. Ол кезде айтуға ұяласың. Бүкіл сыныпты ары қаратып қойып, маған ән айтқызатын еді. Сөйтіп ашылып кеттік", –  деп еске алды әнші.

Жаңа мектеп кезінде басынан өткен қызықты хикаясымен бөлісті. Ол көпшіліктің алдына шығар сәтте әннің сөздерін ұмытып қалған. 


"Маған "Туған жер" әнін сен айтпасаң болмайды" деді. Мен айтқым келмей, ұялдым. Өмірі адамға қарап, ән айтпаған едім. "Күзгі балл" деген байқаулар болатын еді ғой. "Соған шығасың, шықпасаң, тоқсаннан өткізбейміз" деді. Шығу керек болды. "Туған жер" - күнде айтып жүрген, ең жақсы көретін ән. Сөйтіп, тер бұрқырап, толқып, қорықтым. Бір кезде "Күзгі бал" басталды. Ату жазасы күтіп тұрғандай сондай бір қорқыныш болды. Бір кезде Ғаділбек Нәубетов деп шақырды. Домбыраны тартып отырмын, бастайын десем, сөзін ұмытып қалғанмын. Сөйтіп, бастан-аяқ әнді күй қылып тартып шықтым. Жер болдым. Үйге дейін жылап бардым. Өмірдің соңы сияқты болды. Үйге келсем, туған ағам "ән айтпай-ақ қойшы, мені жер қылдың" дейді. "Басы қатты болса, арты тәтті болады" деген", - деді Ғаділбек.

Бағдарлама барысында өнер иесі ансамбльдің сүйемелдуімен 8 ән орындады. Жуырда 60 жасы атап өтілген Батырхан Шүкеновтің "Қайран көңіл-ай" әнін марқұмға деген құрмет ретінде шырқады. Сондай-ақ, "Толғау" орындаған кезде ерекше әсерге бөленгенін жасырмады.


"Толғауды айтқан сайын жігерімді жанимын. Мен шынымен осы сөздерге лайықпын ба? Кешегі ата-бабаларымыздың ұрпағымын деп айта аламын ба? Сол кезде өзімді демеп аламын. Жігіттеріміз ұсақталмаса екен, мықты ер азаматтарымыз болса екен.
Барлығы өзімізге деген құрметтен басталады. Өзімізді реттесек, үйіміздегі ханшайымымызды реттесек, балаларымызға деген махаббатымыз артса, ата-анамызды құрметтей алсақ, сөйтіп көшеге шықсақ, көршілерімізді, тұратын ауданымызды жақсы көрсек, сосын сол қаланы(ауданды), елімізді жөндеп болып, әлемге көшсек қой, шіркін. Біз бірден әлемді жөндегіміз келеді. Ал олай болмайды. Бақыт деген ұғым бала-шағаның қасында басталуы керек. Соны түсінген кезде әр жерде бақытты бола алдым, дейді. Бұрын далада өтірік күліп жүретінмін. Бірақ шынында үйде күліп бастағанда, сыртта өтірік күлуге тура келмейді", - деп ағынан жарылды Ғаділбек.