Жеңіс Ысқақова Алматы әкімінен көмек сұрады

334

Қазақстанның еңбек сіңірген белгілі әншісі Жеңіс Ысқақова Алматы әкімінен көмек сұрады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



«Шұғыла ауданы Нұрлы таң көшесінің тұрғынымын. Осы көше тұрғындарының атынан келіп тұрмын. Құрметті Ерболат Асқарбекұлы, сіз әкім болып келгелі осы қалаға жасап жатқан еңбегіңізді, қала тұрғындарының жағдайын жақсартып жатқаныңызды білеміз, бағалаймыз, әлде де сенеміз. Сондықтан келіп тұрмыз. Жалпы көктем шыққалы біздің көршілердің мазасы кетті. Өйткені Sensata құрылыс компаниясы көп қабатты үйлер сала бастады. Бұл жерде көп заңсыздық бар, техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Көрші Ресейдің құрылыс заңдылығына қарасақ, жер үйлер мен биік үйлердің арақашықтығы 50-60 метр болуы керек дегенді көрдік. Ал біздің заңдылықта ондай жоқ. Мүмкін, сондықтан болар, жеке үй мен салынып жатқан 12 қабат үйдің арасы тым жақын. Өйткені құрылыс бөлшектері біздің есігіміздің алдына түсіп жатыр. Ол бір. Жол салынбаған. Таңертеңнен кешке дейін ауыр жүк көліктері жүрген кезде тұрғындар шаңға көміліп отыр. Жел тұрғанда топыраққа көміліп қаламыз. Құрылыс барысында 10.00-ға дейін жұмыс істейді, түнімен прожектор жанып тұрады. Кейде «әй, қойсаңдаршы» деп айғайлаймын. «Қоймаймыз» деп жауап береді. Жер үйлердің маңына 12 қабат етіп үй салуға бола ма? Күнді жауып тастайды, самал желді жауып тастайды. Соған көмектессең»,- деді өнер иесі қала басшысының Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде.


Өз кезегінде Ерболат Досаев салынған үйлерге қатысты сұрақтардың көп екенін жеткізді.


«Норматив жағынан сұрағыңыз дұрыс. Бірақ осы Алматыда маусымнан бастап қала құрылысы кеңесін құрдық. Сол жаңа жобаларды қарайды. Ал енді сіздің сұрақтарыңыз туралы тапсырма берейін, ГҚК деген басқармамыз бар, өздеріңіз жазсаңыздар, тапсырма берейін. Sensato-ны тауып, қалай салып жатқанын тексерсін. Нормативтер дұрыс па? Кешке жұмыс жағынан, бәрін қалпына келтірсін. Сіздердің мекенжайларыңызды алсын»,– деді әкім.