Жұлдыз Әбдікәрімова қарт енесі туралы айтып берді
Қазақстандық танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова марқұм қарт енесін есіне алып, оның жасаған жақсылықтарын айтып берді. Өнер иесі ол кісінің өзіне көп көмегі тигенін алға тартып, басынан өткен қызықты жағдаймен бөлісті.
Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram желісінде марқұм қарт енесіне жазба арнап, оған деген сағынышын жеткізді. Көпбалалы ана перзенттерінің тәрбиесінде ол кісінің орны аса ерекше екенін айтты.
Актриса марқұмның берген келелі көңестері кейін болашақта өте қажет болғанын жасырмады.
"Сезім 5 айға толғанда еме алмай, қатты жылай бастады. Қарны ашып жылайды, емізсем тағы жылайды. Не болғанын білмей басым қатып жүрген. Бір күні қарт енем "Жұлдызжан, сен осы көтеріп қоймадың ба?!" , - дейді. Олай болуы мүмкін емес деп сенбедім. Кейін тексеріліп көрсем, ол кісінің айтқаны айдай келді. Жүкті кезде сүттің дәмі бұзылады екен ғой. Содан бала оны сезіп, ішкісі келмеген. Осы кезде қарттардың іші тұнған қазына, қамба екеніне тағы бір мәрте көзім жетті.
Марқұм қарт енемнің бала тәрбиесінде көп көмегі тиді. Қырқынан шығару, иткөйлек тігу, бесікке салу сынды салттар мен жас ананың күтіну жолдарын үйретті. "Төрт айда сәби төңіректеп, бес айда белгілі боп, алты айда анық отырады" , - деп ақылын айтып отыратын. Егер әрбір жас ананың жанында осындай қариялар болса, босанғаннан кейінгі күйзеліс деген ұғым мүлде болмаушы еді деп ойлаймын. Ол кісі таң намазына оянғанда шайын берейін деп ерте тұрсам, оттың үстінде қазан қайнап жатады. Сөйтсем қарт енем менен де ерте тұрып, сәбиге құнарлы сүт барсын деп, маған арнап балғын еттен сорпа қайнатып қоятын. Бар ілтипатымен баққан шөбересінің алақанына май жағып, ырымдап, оған дәм татырғанбыз", - деп жазды Әбдікәрімова.