Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында баяндама жасады

253
Сыр өңірінің басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында суармалы сумен қамту мәселесін баяндады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілгенін, оның 97% оңтүстіктегі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі екенін айтты.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сыр өңірінде қабылданған шаралар нәтижесінде вегетация кезеңі шығынсыз өткенін мәлімдеді.

Селекторлық жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.


Президентіміз Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасады. Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді. 156 дана насос қондырғысы алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде, егістік жерлер сумен толық қамтамасыз етіліп, табиғи мал азығымен қамтылу деңгейі жақсарып, көлдер жүйесі суландырылды. Осыған орай, Сыр жұртшылығының Мемлекет басшысына және Үкіметке алғысы шексіз,-деді Н.Нәлібаев.


Өңірде су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл күріш егісінің көлемі 5 мың гектарға қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша егісінің көлемі ұлғайып, ирригациялық жүйелерінің техникалық жағдайын жақсартуда жерді тегістеу арқылы су пайдалану мөлшерін азайту жұмысы жүргізілді.



Аймақ басшысы өңірде тамшылатып, жаңбырлатып суару секілді су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 793 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілгенін тілге тиек етті.

Бұл ретте шетелдік белді ғалымдармен жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстары басталды.

Бүгінде біз украин ғалымдарымен әріптестік орнатып, тиісті жұмысты бастадық. Сонымен бірге 16 магистралды және шаруашылық каналдарды цифрландыру қолға алынған. Өңірде егіс көлемінің 60 пайызын сумен қамтамасыз ететін негізгі магистралды каналға су бөлуді автоматтандыру үшін Австралияның «Рубикон» компаниясы зерттеу жұмысына кірісті. Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы су пайдалану тиімділігін арттыруға және инженерлік жүйеге зақым келген жерлерді сақтап қалып, егін саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалады,-деді Н.Нәлібаев.


Селектордан кейін облыс әкімі Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша жиын өткізіп, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау басқармасына 2025 жылға дейін салынуы жоспарланған 27 медициналық нысан бойынша жұмыстарды тиімді түрде үйлестіріп, уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Алдағы жылы егін егу маусымына дайындық шараларын алдын ала пысықтап, қыс мезгілінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін суды қауіпсіз өткізу, оны тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше көлдер жүйелерін толтырып, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру, Арал теңізіне қажетті мөлшерде су түсуін қамтамасыз етуүшін нақты шаралар қабылдап, ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Жиын соңында облыс әкімі мызғымас бірлік пен тату-тәтті тірліктің арқасында Сыр халқы президент сайлауында ерекше белсенділік танытып, нәтижесінде 81,07% алып, үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.

Бұл ретте науқанға атсалысқан барша азаматтарға, учаскелік сайлау комиссиялары мен мүшелеріне, құқық қорғау органдары басшыларына және түрлі сала өкілдеріне, журналистерге алғысын жеткізді.