Қызылордалықтар бағдарлама көмегімен бизнес бастап жатыр

138
Сыр өңірінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қолдауымен бизнес бастаған тұрғындардың саны артып келеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылордалық кәсіпкер Жұмабек Сәдуақасовтың тас төсеніш, қоршауға арналған темір тор, жиек тас сынды құрылыс материалдарын нарыққа ұсынып келе жатқанына биыл 16 жыл болды. Сапалы өніммен тұтынушылардың жоғары сұранысына ие болған бизнес иесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен өндірісін одан әрі кеңейтуде. 

"Бүгінгі таңда «кәсіп ашып, нәпақа табамын» дейтін жандарға мемлекет үлкен мүмкіндіктер ұсынуда. «Даму» қорының қолдауы сөзіме айқын дәлел. Былтыр аталған қордың көмегімен бизнесті одан әрі жетілдіру үшін қажетті керек-жарақтарды сатып алуды жоспарладық. Нәтижесінде «Бизнестің жол кaртaсы – 2025» бағдарламасы бойынша субсидияға қол жеткіздік. Қазір шаруамыз шатқаяқтамай, жүйелі жүргізілуде. Соған сай тұрғындардан да тапсырыс жиі түседі. Тіпті қала жұртшылығынан ғана емес, аймақтағы жақын-жуық елдімекендерден, мекемелерден де сұраныс көбеюде. Сапаға мән беріп, үздіксіз дамуға назар аудару бізді осындай жетістікке жеткізуде", − дейді кәсіпорын иесі Ж.Сәдуақасов.

Қазіргі уақытта орталыққа онға жуық қызметкер жұмысқа орналасқан, кәсіп иесі олардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударуда. Тіпті мұндағы қызметкерлерге ай сайынғы жалақыдан бөлек, аусым сайын тамақ, ынталандыру мақсатында қосымша еңбекақы беріледі.

Айта кетейік, орталыққа қажетті өнімдердің бірқатары Шиелі ауданынан жеткізілуде. Ал тас төсеніш, қабырға материалдары, жиек тастарды өндіруге керек шикізаттар облыс аумағында қолжетімді екен. Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс аймағын ұлғайтып, нарыққа шығарылатын өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. 

«Даму» қоры демеген тағы бір  жаңадан ашылған орталық – «Сыр перзенті» балабақшасы. Қазір мұнда екі-алты жас аралығындағы 320 балғын қабылданған.

«BAUER group» мекемесі осыдан екі жыл бұрын жеке қаражат есебінен және «Сбербанк» көмегімен рәсімдеген несиеге балабақшаның негізін қалаған. Кәсіпкер Бауыржан Еркебаевтың айтуынша, аталған жобаны жүзеге асыруда бағдарламаның үлесі зор. 

«Сыр перзенті» балабақшасында бүлдіршіндер үшін қажеттіліктің бәрі қамтылған. Мәселен, мұнда асхана, медициналық бөлме, ойын алаңдарынан бөлек, музыка және хореграфия бөлмесі, шахмет үйірмесі, тіпті спорт зал да бар. Қазір орталықта елуден аса білкті мамандар қызмет атқаруда.

"Бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы – басты назарда. Сол үшін бірнеше тақырыпта көрмелер ұйымдастырып, әртүрлі бағытта ойындар ойнатамыз. Тәрбиешілермен қатар, балалардың ата-анасы да бізбен тығыз қарым-қатынаста. Олар балалармен бірге сурет салып, уақытын қызықты өткізуге атсалысады", − дейді бaлaбақшa меңгерушiсi С.Елтaевa.

Бағдарлама аясында кәсіп бастаған бизнес иелері түрлі саланы қамтиды. Олардың қатарында «Бизнестің жол картасы – 2025» бaғдарламасының көмегімен мүмкіндікке ие болған жеке кәсіпкер Aлтынай Елеусізовa да бар. Ол 2021 жылы кондитерлік өнім өндірісін дамыту мақсатында бағдарлама көмегімен несиесін қайта қаржыландырған.

Азық-түлік өндіру саласында бірнеше жыл тәжірибе жинаған Алтынай қазір жиырма бес адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Мұнда нан өнімдерінен бастап, тәтілердің түр-түрі пісіріледі. Соған сай қала, аудан тұрғындарынан цех өнімдеріне сұраныс көбеюде.

"Ең басты ерекшелігіміз, цехта дайындалатын өнімдердің бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Әрі сапаға ерекше назар аударамыз. Қазір жан-жақтан түсетін тапсырыс көлемі ұлғаюда. Әзірге Қызылордада бір ғана орталығымыз болғандықтан, ара-тұра уақыт тапшы болады", − дейді кондитерлік цех қызметкері Г.Тоятова.

Соңғы уақытта «Даму» қоры демеген кәсібі оңды, бастамасы берекелі жобалардың қатары көбеюде. «Кәсіпкерлікті дaмыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мен «Қaрапайым зaттар экономикaсы» бағдарламасы аясында да қолдау тапқан кәсіпорындар саны артып келеді.

Осыған қарап мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын көруге болады. Тек сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосу −  баршаға міндет.