Масылдық санадан – асыл санаға
«Әлемнің әміршісі – еңбек». Бұл нақылды ешкім де жоққа шығара қоймас. Өйткені, адамзат баласының бүгінгі күнге дейінгі жеткен бүкіл жетістігі – еңбегінің арқасы. Жейтін ас, киетін киім, мінетін көлік, жалпы, тұтынылатын барлық игілік атаулысы сол еңбектің ғана нәтижесінде келгені ақиқат.
Кеңестер Одағында қарапайым еңбек адамы көбірек насихатталды. Бәрінен де жұмысшылардың абыройы асқақтап тұрды. Мәртебелері биік болды. Депутаттыққа да көбінесе жұмысшы табының өкілдері сайланды. Қоғамда еңбек адамдарына деген көзқарас өзгеше болғандықтан жастар да солардың жолын қуып, механизатор, сауыншы болуды немесе зауытқа жұмысқа кіріп, станоктың алдында тұруды мақсат тұтатын. Қысқасы, көп еңбектенген адам кеңестік кезеңде жаман өмір сүрмеді. Әсіресе, тұрмыстық жағынан ешқандай тауқымет шекпеді. Рас, халық мемлекетке көп сенім артты. Содан да екінің бірі жеке бизнеспен айналыспады.
Ал, еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға көшкенде мемлекетке әбден арқа сүйеп кеткен халықты өз күндерін өзі көруге үйрету оңай болмады. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халыққа осыны ұғындыруға тырысты. Жүргізілген экономикалық реформалардың арқасында адамдар әрекет етсе көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын түсіне бастады. Осылайша халықтың санасы өзгергенше де біраз уақыт өтті.
Екіншіден, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезең «жабайы капитализм» дәуіріне тұспа-тұс келді. Міне, дәл осы кезде жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп ақша табу, маңдай терін төкпей-ақ байлыққа кенелу секілді масылдық пиғылдар мен ой-әрекеттер біраз жұрттың санасын билеп алды. Бұл жаһандану үдерісі мен Батыстан келген тұтынушылық қоғамның тигізген әсері еді.
Тұтынушылық қоғамның бар мақсаты – құлқынды тойдыру. Тұтыну өткен ғасырдың орта шенінде американдықтардың басты арманына айналды. Олардың санасында адам бақытты болуы үшін белгілі бір дәрежеде бай болуы керек және үнемі байлығын еселеп отыруы қажет деген түсінік қалыптасты. Әрине, бұл қате пікір. Соның салдарынан адамдар ішкі рухани байлықты ұмытып, материалдық игіліктердің соңына түсіп кетті. Ақшасын сауапты іске жұмсағанша, қымбат болса да брендті тауарлар сатып алып, дүниесін артық заттармен көбейткенді дұрыс көрді. Осыдан 75 жыл бұрын Батыс елдері қазіргі игіліктердің жартысын ғана тұтыныпты. Адамдардың құлқыны өсе бастаған соң корпорациялар да қазір тауарды шығарғаннан гөрі оның жарнамасына көп күш жұмсауға мәжбүр.
Тұтынушылық қоғамның, әсіресе, біздің жастарға көп кесірін тигізгені аян. Бір кездері түрлі виртуалды қаржы ұйымдары, қаржы пирамидалары арқылы ақша табу сәнге айналған еді. Мұның соңы қарапайым жұмысшыға деген жастардың көзқарасын теріс арнаға қарай бұра бастады. Осы үдерістің белең алып бара жатқанын сезген Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын ұсынды. Президент бұл еңбегінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған тұтынушылық қоғам әлемнің дамыған елдерінде масылдық туындатқанын, сондай-ақ, ол жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болғанын, сондықтан оған балама ретінде осынау бағдарлама әзірленгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы маңызды құжатта экономикалық өсім мен әлеуметтік жаңғыру қатар жүруі керектігін, ал, мұның бәрі тек еңбекпен ғана жүзеге асатынын айтады. Яғни халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін талмай еңбек етуіміз қажет. Бағдарламаның қабылданғанына бірнеше жыл өтсе де ол өзінің маңыздылығын ешқашан жоймайды. Өйткені, еңбек әрдайым алға жылжудың, дамудың басты алғышарты болып қала береді. Сондықтан баршамыз Елбасы идеясын басшылыққа алып, нағыз еңбексүйгіш ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана аңсаған армандарға, алға қойған биік мақсаттарға тезірек қол жеткіземіз.