Назарбаевтың сатылымға шыққан бұрынғы Mercedes-Benz көлігі 260млн-ға бағалануда

327
Назарбаев мінген Mercedes-Benz S 600 көлігі сайтта 260 миллион теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Танымал Kolesa.kz порталында 1993 жылғы Mercedes-Benz S-Class көлігі сатылымға шыққан. Көлік бірнеше ерекшелігімен тұтынушылардың назарын өзіне аударған. Біріншіден, әлгі теміртұлпар сайттағы 260 миллион теңге тұратын ең қымбат дәл осы маркадағы көліктің бірі және сол жылдармен салыстырғанда бағасы орташа көрсеткіштен бірнеше есеге қымбат. Екіншіден, седанның жүгірісі 29 жылдан астам мерзімде бар болғаны 37 930 шақырымды құрайды екен.


Бұл көлік туралы одан да қызық ақпарат бар. Сатылымға қойған қазіргі иесінің айтуынша, Mercedes-Benz бұрын 01 KZ мемлекеттік нөмірін алып, яғни кезінде Нұрсұлтан Назарбаев мінген екен. Жарнама авторы өз сөзін растау үшін тіркеу базасына скриншотын салып, сондай-ақ аталған мәліметті Қазақстанның бұрынғы президентінің Mercedes көлігімен түскен мұрағаттық фотосуретімен растаған.

Сұр түсті былғары салоны бар көлікте 408 аттың күші бар. Сондай-ақ әлгі теміртұлпар түрлі қауіпті жағдайдан қорғайтын көрінеді. Өйткені аталған Mercedes-Benz брондалған, яғни оқ өткізбейтін металмен жабдықталған.