Сыр елі жаңа дәуір жолына алға қадам басты

90

Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі алдын ала жарияланды. Бұл күнді қазақстандықтардың асыға күткені де түсінікті. Өйткені, әр азамат еліміздің ертеңі, береке-бірлігі, халқымыздың бақуатты тірлігі, өрісті өмірі үшін дауыс беруге мүдделі, дейді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әріп Хожбанов,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


«Мен де Қазақстан азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым. Елімнің бүтіндігі, әлем алдындағы беделі, ізгі бастамалардың жүзеге асуы, балаларымыздың болашағы үшін дауыс бердім!


Қызылордалықтардың бұл сайлауға белсене, бір ауыздан қатысқаны сайлау учаскесіне келген мол легінен-ақ байқалды. Халықтың жүзінде үміт пен сенім бар екенін де көруге болады. Соның бірі өзім болдым.


Соңғы алты-жеті айда сырбойылықтардың еңбек белсенділігі мен елішілік ынтымағы бұрынғыдан да артып, ағайын ауызбірлігінің молая түскенін қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргендіктен мен жақсы сезіндім.
Сайлау науқаны кезеңінде де қызылордалықтар сол үдеден көрінді. Нақты ақпарат көздерінде жарияланғандай, аймақ тұрғындарының сайлауға қатысу көрсеткіші 81,07 пайызды құрап, жетісулықтардан кейінгі 2-орынға шықты. Бұл – біз айтып отырған ынтымақты жұртымыздың бірауызды бірлігі.


Қазақта «Ырыс қайда барасың, ынтамаққа барамын» деген сөз бар. Ырысы тасыған Сыр елі осылайша жаңа дәуір жолына қадам бастады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақмерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады», – деген болатын.

Осы айтылған міндеттердің мүмкіндігін тудыруға бірлікпен, ынтымақпен келген Сыр елі алдағы кезеңде де Ел Президентінің жаңа Қазақстан үшін жасап жатқан игіліктерін баянды етуге бір кісідей атсалысады деп сенемін», - дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы.