Ғабит Жаңабаев: «Әлеуметтік салада жаңалық мол» екенін айтты
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев «Әлеуметтік салада жаңалық мол» екенін айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлуметтік бағдарламалар басқармасына қойылар сұрақтың көп екені даусыз. Әсіресе, аймақ үшін өзекті тақырыпқа айналған жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек жайын айтпай кету мүмкін емес. Осыған орай аталған сауалдарға жауап алу мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевпен тілдесіп, көкейдегі сұрақтарды қоюдың реті келді.
– Ғабит Жұмабекұлы, сауалымызды әлеуметтік көмек тақырыбынан бастасақ. Биыл нендей өзгеріс орын алды, өткен жылдан қандай айырмашылық бар?
– Өзіңізге мәлім, әлеуметтік көмектің түрі көп. Тақырыпты толық ашу үшін біздің мекеме тарапынан көрсетілетін көмек түріне тоқталып өтейін. Алдымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті айтуға тиіспіз. Ағымдағы жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 5 млрд теңге қаралды. Есепті кезеңге 11 797 отбасыға (61 343 отбасы мүшесі) 4 157,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 11 329 отбасына төленді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 15 399 балаға азық-түлік және гигиеналық заттар жиынтығы түрінде кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді. Әлеуметтік келісім-шарт негізінде көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды жастағы 2 442 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын да айта кеткен жөн. Олардың ішінде тұрақты, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, жастар тәржірибесіне жолдама беру, қайта даярлау, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кіреді.
Келесі көмек түрі – тұрғын үй көмегі. Биыл аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегінкөрсетуге бюджеттен 462,6 млн. теңге қаражат бөлініп, 3720 отбасыға 253,4 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалса, 3 694 отбасыға 230,4млн теңгетөленді.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 14 291 адамға әлеуметтік төлемдер төленді. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, ҰОС жылдарында жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған азаматтар, ҰОС ардагерлерінің қаза тапқан және солардаың екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, тылда жұмыс істеген азаматтар бар. Сондай-ақ Ауған соғысына, Таулы Қарабахқтағы этносаралық қақтығысқа, Тәжік-Ауған учаскесіндегі ТМД шекарасын қорғауға, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынаққа және Чернобыль АЭС апатының зардабын жоюға қатысушылар мен «Отан», «Даңқ» ордендері, «Халық қаһарманы» және ҚР-ның тағы басқа құрметті атағына ие болған азаматтар аталған санатқа жатады. Бұдан өзге мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезбен емделудің сүйемелдеу кезеңімен ауыратын адамдарға қосымша тамақтануға, Лейкоз және анемиямен ауыратын балаларға дәрі-дәрмек сатып алуға, АИТВ-инфекция диагнозы бар балаларға, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан мүлкіне зиян келген отбасыларға, сондай-ақ аз қамтылған көп балалы отбасылардан шыққан оқушылардың қоғамдық көлікте жол жүруіне, үйде тәрбиеленіп оқылатын мүгедек балаларға қаржы берілді.
– Әлеуметтік саланың бір ұстыны – оңалту. Бұл орайда нәтиже қалай?
– Дұрыс айтасыз, бұл бағыттағы жұмыс қоғамның дамуына түрткі болары анық. Сандарды сөйлете айтсақ, мәселенің жай-жапсарын түсіну оңайырақ болады деп сенемін. Мәселен, 2022 жылдың 1 қарашасында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 25412 мүгедектігі бар адамның 22903-і оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Ал AMANAT партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде облыс көлемінде 2021-2025 жылдарға 1294 инфрақұрылым объектілерін бейімдеуден өткізу жоспары белгіленді. Соның ішінде биыл 277 объектінің бейімделуі жоспарланды. 2022 жылдың1 қарашасындағы жағдай бойынша объектілерді бейімдеуге бюджеттен және басқа көздерден 31,1 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылып, жоспарланған 277 объектіге бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығы Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді.
Келесі бағыт – кәсіптік оңалту. Бұл бағытта да нәтиже көңіл қуантады. Биыл жұмыспен қамту орталықтары арқылы 991 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 338 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмыспен, 10 мүгедек адам әлеуметтік жұмыспен, 605 мүгедек қоғамдық жұмысқа орналаса, 38 мүгедек азамат жастар тәжірибесіне жіберілді.
– Өзіңіз қызмет ететін мекемеге тағдырдың айдауымен түрлі қиындыққа тап болған азаматтар бас сұғатынын білеміз. Оларға қандай қызмет көрсетесіздер?
– Бүгінде адам саудасының құрбаны болған азаматтар, шетелдік жұмысшылар, қандастар, түрлі мәселемен жүгінетін жасырын емес. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Мысалы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2017 жылдан бастап «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бүгінге дейін 291 құрбанға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Сондай-ақ «Шағын кәсіпкерлер әйелдерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп келеді. Қызмет алушылар саны – 20 адам.
Бүгінде өзекті тақырыпқа айналған шетел жұмысшыларына келейік. Биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға 377 бірлік квота бөлінген. Жалпы облыста бірлескен 31 кәсіпорын жұмыс атқарады. Қазақстандық мамандардың саны – 6794 адам. Рұқсатпен 234 шетел азаматы жұмыс істеуде. Олар Қытай, Сербия, Румыния, Украина, Корея елдерінің азаматтары.
– Медициналық-әлеуметтік мекемелер жұмысымен таныстыра кетсеңіз…
– Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерінде стационарлық жағдайда 731 мемлекет қамқорындағы адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Соның ішінде күндізгі бөлімшелерде 411 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады.
Ал мүгедектерге арналған оңалту орталығында жыл басынан жартылай стационар жағдайында 663 мүмкіндігі шектеулі азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 355 зейнеткерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығында 109 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылған.
Айта кетерлігі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары аясында ашылған «Думан-Шиелі» ЖШС-і арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 221 адамға, оның ішінде 40 мүгедек балаға, 181 зейнеткерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.
– Орайы келгенде халықтың әлеуметтік статистикасына кезек берсек…
– Бүінде аймақтағы жұмыс күшінің саны – 347,9 мың адам, жұмыспен қамтылған халық саны – 330,9 мың адам. Ал жұмыссыздар саны – 16955 адам болса, жастардың жұмыссыздық деңгейі – 4% құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына 25504 жаңа жұмыс орыны құрылды, оның ішінде тұрақтысы – 11650 бірлік, уақытша – 13854. «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы»шеңберінде 14949 адамды қамтуға 13405,7 млн. теңге бөлінді.
– Жұмыспен қамту жайы қай деңгейде?
– Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген 52074 адамның 46574-і Ұлттық жобаға қатысушы ретінде тіркелген. Олар келесі бағыттарға бағытталды. 11 781 адам бос жұмыс орындарына орналастырылса, 3 397 адам жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Олардың ішінде жастар үлесі – 1466, әлеуметтік осал топтағылар – 1931. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 14975 адам жолдама алса, қысқа мерзімді курстарға – 391 адам жолданды. Бүгінде олардың 102-і оқуды аяқтап, 63-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
2233 адам skills.enbek.kz платформасы электронды еңбек биржасы порталы арқылы онлайн-оқудан өтті. Субсидияланатын жұмыс орындарына 13797 адам жұмысқа орналастырылса, әлеуметтік жұмыс орындарына – 573, жастар тәжірибесіне – 2988, қоғамдық жұмыстарға – 9864, «Алғашқы жұмыс орыны» жобасына – 200, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 40, «Күміс жас» жобасына – 132 адам жолдама алды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген азаматтардың 63,6% тұрақты жұмысқа орналасса, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамындағы жеке сектордың үлесі 45,5 процентке жетті. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналасқандар үлесі 61,8 процентке жеткен.
Сонымен қатар, 2574 көп балалы ұлттық жобаға қатысып, олар келесі бағыттарға жолданды. Бос жұмыс орындарына – 502, әлеуметтік жұмысқа – 20, жастар тәжірибесіне – 2, қоғамдық жұмыс – 982, «Күміс жас» жобасына – 8 адам жіберілсе. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқығандар – 863, өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандары 1060 адамды құрады.
Есепті кезеңге 2453 мүмкіндігі шектеулі азамат қатысып, олар келесі бағыттарға жолданды. Бос жұмыс орындарына – 338, әлеуметтік жұмыс – 10, жастар тәжірибесіне – 38, қоғамдық жұмысқа – 605, «Күміс жас» жобасына – 6, «Ұрпақтар келісім шарты» – 1, «Алғашқы жұмыс орнына» – 4, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша – 1096 адам жіберілсе, өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандары – 345 және жұмыс берушінің өтінімі негізінде қысқа мерзімді курсқа оқуға жолданғандар саны – 10.
Облыс бойынша 66 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 702 жұмыс берушілерден 3005 бос жұмыс орындары ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 3525 жұмыссыздардың ішінен 968 адамға тұрақтыға, 425 адамға уақытша жұмысқа орналастырылып, 2412-і кеңес алды.
Айта кетерлігі, жыл басынан 4860 адамға жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалса, «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде 132 жоба бойынша 1537 жұмыс орынын ашу көзделуде. Оның ішінде 912 уақытша, 625 тұрақты жұмыс болмақ. Яғни, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы – 24 жоба, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы – 1 жоба, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы – 85 жоба, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы – 11 жоба, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы – 1 жоба, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» – 10 жоба аясында жүзеге аспақ.
Биылғы«2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына сәйкес отбасын қолдау орталықтарын дамыту туралы» кеңесте көп балалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды тұрақты жұмысқа орналастыру тапсырмасы сөз болған еді. Бастама шеңберінде жоспарланған 916 әйелдің 551-і жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 536-сы көп балалы ана, 19-ы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар.
– Мұнша адамға жұмыс табу оңай іс емесі анық. Ол үшін бұл жүкті үкімет ғана емес, кәсіпкерлер де бірлесе көтеру шарт. Кәсіпкерлермен бірлесу, әлеуметтік әріптестік қай деңгейде дамуда?
– Орынды сауал. Биыл Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның 20 отырысы өтті. Мәжілістерде әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер қаралап, тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді. Сондай-ақ аудандық, қалалық деңгейде үшжақты комиссиялардың 41 отырысы өткізілді.
Сонымен қатар, тұрақты түрде жұмыс орындарының қысқаруына мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан 55 кәсіпорында 386 адам жұмыстан босатылған, олардың қатарындағы 66 адам жұмысқа орналастырылса, 6 адам несие рәсімдеп, өз кәсібін ашты. Ал 4 адам ұсынылған жұмыстан бас тартса, 174 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 129-на жұмысынан айырылуына байланысты төлемақы тағайындалды. Ескерер жайт жұмыстан босатылғандардың 89 процентін, яғни 344 адам «Теңізшевройл» ЖШС-нің Болашақта кеңейту жобасы – сағалық қысымды басқару жобасынан босатылып жатқан қызметкерлер құрайды.
− Осы орайда 2017-2025 жылдарға арналған қызметкерлердің ағынын басқару бойынша Жол картасын айтпай кетуге болмас. Облыста 37 ірі және орта кәсіпорындар тізімі анықталып, 30 кәсіпорынмен 2017-2025 жылдарға арналған қызметкерлердің ағынын басқару бойынша Жол карталары бекітілген.
Сондайақ-ақ, жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша меморандумдар жүйелі жүргізілуде.Облыста әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында «Еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мен өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы» меморандумдар жасалуда. Бүгінде52 ірі және орта кәсіпорын облыс әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 11 мамырда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Қызылорда облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойылғанын айта кеткен жөн.
– Сұхбатыңызға рахмет!