Ер адам дәрігерге тап беріп, қылқындырған
Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде баласын тексерткен ер адам дәрігерге шабуыл жасап, оны мойнынан қылқындырған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаға қатысты аурухана мен полиция департаменті түсініктеме берген.
Медициналық мекеменің мәліметінше, оқиға кезінде ауруханаға полиция қызметкерлері шақырылған. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, балалар хирургі науқас баланы қажетті тексеруден өткізіп, қарау нәтижесін әкесіне сабырмен түсіндірген. Баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмаған. Алайда баланың әкесі аяқпен үстелді теуіп, кенеттен дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең дегенде медицина қызметкерінен ажыратқан.
Бүгінде балалар хирургі жұмысқа қайта кірісіп, кезекшілікке шыққан. Ал өңірлік полиция департаменті аталған дерек
бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға кезінде ауруханада болғанын айтқан әйел әлеуметтік желіде жанжалға қатысты өз нұсқасын жариялаған. Оның сөзінше, күйеуі мен сол жерде болған басқа адамдар жанжалдасушыларды ажыратуға тырысқан.
Желі қолданушыларының басым бөлігі ер адамның әрекетін айыптап, оны жауапқа тартуды талап еткен. Кейбірі ауруханалардағы күзетті күшейту қажет екенін айтқан.
Дәрігерге шабуыл жасағаны үшін 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тиісті өзгерістер Қылмыстық кодекске 2026 жылғы 7 наурызда енгізілген. Жаңа 380-3-бапта қорқыту мен зорлық-зомбылықтың сипатына қарай әртүрлі жаза белгіленген.
Атап айтқанда, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (865 000 теңге – 2 162 500 теңге) дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Ал өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (2 162 500 теңге – 4 325 000 теңге) дейін айыппұл салынуы, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сондай-ақ екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Егер зорлық-зомбылық адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын мән-жайлар болса, жаза мерзімі жеті жылдан 12 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Қаз
Рус






