Мемлекет қазақстандықтардың жарық, су және жылу ақысын өтеуге көмектеседі

1 500

Фото: PexelsҚазақстанда коммуналдық төлем отбасы табысының 5-10%-ынан асып кетсе, оның бір бөлігін мемлекет өтеуі мүмкін,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазір мұндай көмекті шамамен 8 мың адам алып отыр. Биыл тұрғын үй көмегіне жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Ал ауызсудың құнын арзандатуға мемлекет 28 миллиард теңге қарастырған. 

Бұл жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтқан.

Қазақстанда табысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі беріледі. Оның мақсаты – коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді күтіп ұстауға кететін шығын отбасының бюджетіне шамадан тыс салмақ түсірмеуіне көмектесу.

Әр өңірде отбасы табысының коммуналдық төлемге жұмсалатын шекті үлесін мәслихат белгілейді. Қазір бұл көрсеткіш өңірге қарай отбасының жалпы табысының 5-10% аралығында. Яғни отбасының табысы мен коммуналдық шығыны салыстырылады. Егер төлем мөлшері өңірде белгіленген шектен асып кетсе, талаптарға сай келетін отбасы тұрғын үй көмегін ала алады.

Комитет төрағасының айтуынша, қазір жергілікті бюджеттен бөлінген 400 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй көмегін шамамен 8 мың адам алып отыр.

Мемлекет қанша теңге өтейді?

Тұрғын үй көмегінің мөлшері отбасының табысына, тұратын өңіріне және коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығынына байланысты есептеледі. Мысалы, бір отбасының ай сайынғы жалпы табысы 200 мың теңге делік. Егер осы өңірде коммуналдық төлемнің шекті мөлшері табыстың 5% болса, отбасының өз есебінен төлейтін шығыны 10 мың теңгеден аспауы керек. Ал шекті мөлшер 10% болып белгіленсе, бұл сома 20 мың теңгені құрайды. Бірінші жағдайда отбасының есепке алынатын коммуналдық шығыны 18 мың теңге болса, шекті мөлшерден 8 мың теңгеге артық. Осы айырма тұрғын үй көмегін есептеу кезінде ескерілуі мүмкін. Дегенмен бұл – түсіндіру үшін алынған қарапайым мысал. Нақты төлем тек осы айырмаға қарап белгіленбейді. Көмек мөлшеріне отбасы құрамы, расталған шығындар және қолданыстағы нормативтер де әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр отбасының коммуналдық төлемін толық өтемейді.

Мемлекет коммуналдық шығынды азайтудың тағы бір тетігін қолданады. Ол – ауызсуды тұтынушыларға арзанырақ бағамен жеткізу үшін су шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялау. 2026 жылы осы мақсатқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 28 миллиард теңге қарастырылған.

Бұл қаражат тұрғындарға тікелей берілмейді. Мемлекет су жеткізетін кәсіпорындарға тарифтің бір бөлігін өтейді. Соның арқасында тұрғындар суды толық тарифтік құнынан төмен бағамен пайдалана алады.

Комитет төрағасы субсидиялау тәртібін нақты мысалмен түсіндірді. Мәселен, бір текше метр судың бекітілген тарифі 500 теңге болсын. Ал халық үшін белгіленген төлем 120 теңге болса, қалған 380 теңгені мемлекет субсидия ретінде өтейді. Яғни осы мысалда судың толық құнының 76%-ын мемлекет, қалған 24%-ын тұтынушы төлейді. Алайда 500 және 120 теңге барлық өңірге ортақ тариф емес. Бұл – мемлекеттік субсидияның қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін мысал. Нақты баға мен өтемақы мөлшері әр өңірде бекітілген тарифке байланысты.

Тұрғын үй көмегі мен ауызсуды субсидиялау бір-біріне ұқсас болғанымен, екі бөлек механизм.

Бірінші жағдайда мемлекет коммуналдық төлемі табысына шаққанда тым жоғары отбасыларға көмек береді.

Екінші жағдайда су жеткізетін кәсіпорындарға қаражат бөліп, халық үшін судың бағасын төмендетеді.

Сондықтан тұрғын үй көмегіне бөлінген 400 миллион теңге мен суды субсидиялауға қарастырылған 28 миллиард теңгені тікелей халыққа берілетін төлем деп түсінбеу керек. Біріншісі – мұқтаж отбасыларға арналған көмек, екіншісі – су тарифін арзандатуға бағытталған мемлекеттік қолдау.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.