Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

231

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.


Бүгін, 23 наурыз – он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Осыған орай, мемлекет басшысы мұсылман қауымын қасиетті аймен құттықтап, лебізін жеткізді.

 

"Ардақты ағайын! Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша мезгіл. Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы айда төзімділік, жанашырлық, имандылық сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Ата-бабамыз Рамазанды «он екі айдың сұлтаны» деп ардақтаған. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, бір-біріне ерекше құрмет көрсеткен", – деді мемлекет басшысыТоқаев.


"Салт-дәстүрімізбен сабақтас асыл дініміз ғасырлар бойы Ұлы далада елдің бірлігін және қоғамның тыныштығын сақтау жолында маңызды роль атқарып келеді. Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ораза қабыл болсын!", – делінген хабарламада.


Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен Рамазан айының алғашқы ауызашарына қатысты.


Жиылған жамағатты Рамазан айының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірген Бас мүфти оразаның қадір-қасиеті жайлы уағыз айтты. 


«Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген. 

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай», - деді ҚМДБ Төрағасы.


Айта кетейік, күн сайын мешіт мейрамханасында 500 жанға ауызашар дастарханын жаюды үрдіске айналдырған Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті биыл да жамағатқа қонақжай құшағын айқара ашып отыр. Елорда бас имамы  Ерболат Жүсіповтің айтуынша, жалпы қала бойынша осы Рамазанда тәулігіне 2500-3000 жанға тегін ауызашар берілетін болмақ. Сондай-ақ, қасиетті Қадір түнінде мешітке келуші жамағатқа сәресі тарату жұмысы да жоспарланып отыр.


Барша мұсылман осы берекелі айды асыға күтеді. Рамазан – тәрбие мен тағылым, мейірім мен кешірім айы. Бұл айда адамдар сауапты іске, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға, үлкендердің батасы мен алғысын алуға ұмтылады.

Рамазан айында мұсылман жамағаты бір ай бойы ораза тұтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі", - деген.


Биыл 23 наурызда басталған Рамазан 20 сәуірде аяқталады. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні.


Ораза кімдерге парыз?


Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. 

Олар:

  • жолаушылар;
  • науқас адамдар;
  • жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер.

Аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар әйелдер өзінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек.

Сәресі мен ауызашарда айтылатын дұға


Ораза ұстауға ниет еткен мұсылмандар сәресіде "Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім" дейді.


Ал ауызашар кезде "Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің өткен және келешек күнәларымды кешіре көр!" дейді.


Пітір садақа қанша?

Биыл пітір садақасының мөлшері 535 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.


Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген адам пітір садақасын беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса – өз еркі.