"Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлер нұр емес мұз төгуде

288
Қостанайдағы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен салынған тұрғын үйлердің адам шошырлық көрінісі желіде пайда болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Бұл жайлы көпшілікке журналист, блогер ретінде танымал Дәулет Мұқаев Instagram парақшасында жазды.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен салынған үйлер халыққа нұрын емес, мұзын төгіп тұр! Оқырманым жіберген суреттер сөйлесін...

Бұл Қостанай қаласында салынған үйлер. 19 үй салынған, соның 3-еуінде ғана адамдар тұрып жатыр. Ал қалған үйлердің сапасы мынау! Бұл тегін үй емес! Қарапайым халық болса жылдар бойы ипотека төлеуге мәжбүр.

Негізі кілті өткен жылы берілу керек болған. Биыл да кілт жоқ. Себебі пәтерлердің сыйқы мынау, - деп жазба қалдырды.

Орын алған жайтқа байланысты Қостанай қаласының әкімдігі түсініктеме берді.

Құнай шағын ауданындағы №2, 3 (жарылыс болған) үйлер туралы айтатын болсақ,  құрылысты мердігер ұйым «Марал Құрылыс» ЖШС жүргізді. Қазан айында шарттық міндеттемелерді орындамағандықтан аталған ұйыммен келісім-шарт бұзылды, ұйым мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Құрылысты аяқтау үшін жаңа мердігер анықтау мерзімінде жасалған келісім-шарт бойынша үйлердің қауіпсіздігін «Нұр сақшы» күзет мекемесі қамтамасыз етеді. Үйлерді тексерген кезде жылу тек жертөледен басталғаны анықталды. Жылу жүйесінен су ағып кетті, - деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Қалалық құрылыс бөлімі түзету шараларын қабылдағаны анықталды, ол 13 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған.

Осы оқиға туралы хабарламаған қауіпсіздік ұйымына қатысты шағым жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта бұл үйлердің құрылысын аяқтау үшін мемлекеттік сатып алулар жарияланды, мердігер анықталғаннан кейін тұрғындар көшкенге дейін барлық кемшіліктер жойылады, - деп атап өтті қала әкімдігі.