Билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек

4 282
Ресми дерек бойынша, елімізде миллионға жуық адам кедейлікпен күн кешуде, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 




Көпқабатты үйдің астыңғы қабатындағы терезеге "Киім тігу, жөндеу" деген үлкен плакат ілінген. Кіреберістегі төрт шаршы метр аядай жерді 57 жастағы Қайныш Қалиева жұмыс үшін жалға алған. Есіктің орнына көк перде ілінген. Оның астынан ызылдап суық жел соғып тұрады.

Тігінші үстелінде сөгілген ескі пальто жатыр. Қайныш апай пальтоның астарын ауыстыруға кірісті.

Мынаның жағасын қайта тігіп шығуым керек. Күзетші болып істейтін әйел, үлкен кісі. "Астарын ауыстырып берші" деп алып келді. Бұрын ішінде тері болған ғой, ауыр дейді киюге. Бір жерге барған екен, 15 мың сұрапты. Сосын мен жарты бағасына істеп берейін дедім, — деді ол.


Кейінгі кезде клиенттері ескі киімдерін жөндетуге жиі әкелетін болған. Сондықтан Қайныш апайдың жұмысы бастан асады. Бірақ әйел бұған қуана қоймады. "Үнемдеуге тырысқандары ғой, халықта ақша жоқ" деді ол клиенттеріне жаны ашып.

Жұрт ескі-құсқы киімін жөндейді, бұрынғыдай лақтырып тастамайды. Ауы үлбіреп қалған шалбарын алып келеді ғой енді, қайтсін. "Жамап-жасқаумен" айналысқым келмейді негізінде. Неге десеңіз, оған уақыт та, жіп те көп кетеді. Шұлық пен әбден тозған киімдерді жөндеуге тура келеді. Қалай жасап бермейсің енді, өзім сияқты пенде, — дейді Қайныш Қалиева.





Қазақстан билігі кедейлер туралы сөз қозғалғанда көп балалы, мүгедектігі бар ала асырап отырған, асыраушысынан айырылған отбасыларды ғана атап, оларды "масыл" деп айыптайды. Бірақ қазір зейнеткерлер мен студенттерді де кедей қатарына жатқызуға болады. Өйткені олардың табысын инфляция жеп қояды.


Табыстың азаюы, жұмыссыздық — осының бәрі уақытша қиындықтар деген сенімнің жоқтығы Қаңтар оқиғасына себеп болды. Үкімет мәселені шешудің орнына одан әрі ушықтырып отыр. Түбі бұл әлеуметтік жарылысқа әкеліп соғуы мүмкін. Әсіресе ауылда кедей тұратын қазақ жастары арасынан осындай мәселе шығуы ғажап емес, — дейді экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов.


Төртқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкен. Кассаға жету үшін сусын мен азық-түлік жиналған қорапшалардың арасынан өту керек. Кассаның алдынан да сатушы көрінбейді: үстел үстіне бәліш пен тәтті нан толы ыдыс қойылған.

Бұл дүкеннің айналасында екі километрге дейін басқа сауда орындары жоқ. Гүлзария жарты жылдан бері осы жерде сатушы болып істейді. Дүкенге келушілердің көбін жақсы таниды.

 Нан, майонез, "қытай кеспе", сосын "Горилла" – жақсы өтетін тауарлар. Халық арзанырақ бірдеңелерді жеп алады да, сосын жаңағы "Горилланы" сіміріп ішеді. Ұйықтамас үшін. Түнімен жұмыс істейді ғой.


Гүлзария әпкесі мен жездесінің дүкенінде істейді. Өз айтуынша, жездесі ақкөңілденіп, тауардың бәрін қарызға беріп, тақырға отыра жаздаған.

Мына жерге келгенде қарыз дәптер дегеннің көзін жойдым. Жездем апамнан тығылып ана жер, мына жерге жазып беріп жүрген ғой қарызға. Кейде адамдар қарызға алып, жеке куәлігін тастап кетеді, бірақ оны қайтарып алуға келмейді. Несіне келсін? Ол деген — бес минутта жасалатын дүние. Жоғалтып алдым дейді де, жаңасын ала қояды, — дейді Гүлзария.


Қазір Гүлзария қарызға зат бермейді. Дүкенге келушілер жейтін тамағымыз жоқ деп жыласа, бәліш немесе нан береді. "Ақшасын берсе, береді, бермесе, садақа" , - дейді ол.


Гүлзарияның айтуынша, осыған дейінгі жұмыс орнымен салыстырғанда, қазіргі дүкеннің жағдайы жақсы. Бұрынғы дүкенде екі қарыз дәптер болған, жұрт ақшасын қайтармай, кәсіп иесі шығынға батқан.

 Кедейліктің көкесі сол жерде болды. Бастапқы екі аптада кәдімгідей күйзеліске түстім – бәрі көшіп келгендер, пәтер жалға алып тұратындар, ақшасы да, жұмысы да жоқ. Сосын бәрі келіп қарызға тамақ сұрайды. Оған қарағанда қазір мына жерде кілең "бай".


Ресми дерек бойынша, Қазақстанда халықтың 5,1 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Дүниежүзілік банк есебінше, елдегі кедей халықтың үлесі - 15,5 пайыз (үш миллион адам). Экономист Мағбат Спанов банк есебі шындыққа жақын деп есептейді.

Әлем тәжірибесіне сүйенсек, күніне 4 доллардан аз (1 желтоқсандағы бағам бойынша, айына шамамен 56 мың теңге. — Ред.) ақшаға өмір сүретін адамдар кедей саналады. Қазақстанда кедейлік ең төменгі күнкөріс шегімен есептеледі (2022 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, 37 389 теңге. — Ред.). Үкімет деректерді бұрмалап көрсетеді, — дейді экономист.


1 қарашадағы дерек бойынша, 700 мыңға жуық қазақстандық (699 095) немесе 135 791 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.



Жаннат Нұғманова