Министрлік отандық көліктерді менсінбеді ме?

279
Түркияның көліктерін сатып алып жатқан Қорғаныс министрлігінің әрекетіне наразылық білдірген отандық зауыт премьер-министрге хат жолдады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.



"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Көбей Жаңбыршының айтуынша, Қорғаныс министрлігі Түркияда өндірілетін "Cobra-2" құрышталған көлігінің 45 данасын сатып алмақшы.

Зауыт басшылары мұндай көліктер өзімізден шыға тұра, министрлік неге сырт елге тапсырыс бергенін түсіне алмай дал. Олар отандық "Алан-2" бронды көлігі сапасы жағынан Түркияның техникасына дес бермейді деп отыр.


Қорғаныс министрлігі Түркияда өндірілетін "Cobra-2" құрышталған көлігін сатып алу бойынша бірқатар әрекеттер жасап жатыр. Біз соған наразылығымызды білдіріп, премьер-министрге ашық хат жолдадық. Зауытымыз 2015 жылы құрылды. Содан бері бронды техникаларды шығарып келеміз. Біздің шығаратын көліктер Түркиядан артық болмаса, кем емес. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі Түркиядан 45 көлік сатып алуды жоспарлап отыр. Біздің ішіміздің ашып отқаны — отандық өндіруші бола тұра, біз неге тасада қалуымыз керек?! Одан бөлек түріктерге қарағанда біздің көліктердің бағасы 20-25 пайызға арзан, сапасы да солардікімен бірдей. Сол бойынша Қорғаныс министрлігіне бірнеше хат жолдағанбыз. "Алан-2" деген көлігіміз бар, оны отандық инженерлер құрастырды, неге сыртқа жалтақтайсыздар?" деп сұрау салдық. Бірақ ешқандай жауап болмады, — деді Көбей Жаңбыршы.


Астанада орналасқан "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты жылына 300-ге дейін техника шығаруға қауқары бар. Бірақ Қорғаныс министрлігі соған қарамастан сырттан көлік әкелуге құмар екен. Көбей Жаңбыршы мұның артында ақша жымқырудың үлгісі бар деп топшылайды.


Түркияның "Cobra-2" көлігінің бағасы 720 000 доллар, ал біздің "Алан-2" 580 000 доллар тұрады. Айырмашылығын өзіңіз есептей беріңіз. Сырттан келетін көліктерге қарағанда отандық өнім 140-150 мың долларға арзан. Бұдан бөлек олардың кедендік рәсімдеуін және салығын есептеңіз. Оған қоса жыл сайын сервистік қызмет көрсету үшін тағы қосымша шығын шығады. Тағы олар Түркиядан келген көліктерді жергілікті өнім ретінде көрсетіп, "Astana MPR Project" копаниясы арқылы сатып алмақшы. Ал ол компания ешқандай да көлік өндірумен айналыспайды, тек көліктің орындықтарын орнатып, май-суын толтырумен ғана айналысады. Қорғаныс министрлігі біздің көліктерді сынақтан өткізуге де қарсы болып отыр. Салыстырып көрсе, Түркияның көлігінен кем емес екенін түсінетін еді — деді зауыт басшысы.


Осы мәселелерді тізіп, зауыт қызметкерлері Премьер-министрдің атына ашық хат жолдаған. Олар Әлихан Смаиловтан қандай да бір көмек болар деп үміттенеді.