ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫН КӨРКЕЙТУ-АБАТТАНДЫРУ ЖОБАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

1 565

Қаладағы нысандарды аралау кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қ.Ажаров көшесіндегі Агробиологиялық орталықты қайта жаңғырту жобасымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қызылорда қаласының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында нысан аумағы абаттандырылып, көпшіліктің демалыс орнына айналмақ.


Университет ротонда, жартышар күмбезі, дөңгелек шатыр, аркалар салады. Оған қоса, тамшылатып суару жүйесін жүргізіп, жеміс ағаштарын отырғызады. Ал, қала әкімдігі кеспетастарды төсеп, газон егуге, аяқ су тартуға жауапты болмақ.


Әрі қарай аймақ басшысы Абай аллеясынан Астана даңғылына дейінгі абаттандыру жұмыстарын көрді. Жобаның жалпы құны – 262,9 млн теңге, мердігер мекеме «ДаренСтрой» ЖШС кеспетас төсеп, шағын сәулет нысандары мен орындықтар орнатады, газон егіп, гүл отырғызады. Абаттандыру шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.


Нысан басында Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда қаласын абаттандыру және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты. Қазір облыс орталығында абаттандыру бойынша 213 жоба жүзеге асуда, оған барлығы 12,7 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, 160 көше 31,7 млрд теңгеге жөнделеді.


Облыс әкімі Жанқожа батыр көшесінен теміржол арқылы өтетін жерасты автокөлік өткелі құрылысын көрді. Аталған нысан - халықтың ұзақ күткен игілігі. Бұл маңдағы қауіпсіздік мәселесін тұрғындар бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Биыл Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 4,7 млрд. теңгеге төрт жолақты, ұзындығы 734 метр өткел құрылысы қолға алынды. Осылайша халықтың тілегі ескеріліп, көлік нөпіріне есептелген, қауіпсіздік талаптары сақталған өткел салынады.