Жүк көлігінде жүргізуші өртеніп, көз жұмды
Түркістан облысы Төлеби ауданында карьер жұмысшысы тірідей өртеніп кеткен. 44 жастағы марқұм Қуаныш Сербаевтың артында екі қызы мен екінші топтағы мүгедек әйелі қалды. Марқұмның туыстары тергеу жұмысының баяу жүріп жатқанын айтады. Олар жұмыс берушілердің немқұрайлығына да наразылық танытып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қарлығаш Сербаева осыдан 13 күн бұрын ұлын жер қойнына тапсырды. 44 жастағы Қуаныш Сербаев екі жылдан бері Төлеби ауданы Ақбастау ауылындағы карьерде жұмыс істеген. Алайда 11 маусым күні жүк көлігіне тас тиеп келе жатқан жүргізуші жолда аударылып, көлікпен бірге өртеніп кеткен.
Марқұмның артында екі қызы мен әйелі қалды. Бірнеше жыл бұрын ауыр дертке шалдыққан жұбайы қазір Алматыда ем алып жатыр. Марқұмның әкесі жұмыс барысында жан тапсырған ұлының отбасына ең құрығанда өтемақы берілуін сұрайды.
Үйленгелі жалдамалы пәтерде тұрып келген марқұмның отбасы тек соңғы жылдары ауыл маңынан үй салуды бастаған, бірақ оны да аяқтап үлгермеді. Ал жұмыс берушілер өндірісте жүріп ажал құшқан Қуаныштың отбасына жәрдем берілуі тек сараптамадан кейін белгілі болады деп отыр.
Қазір бұл іске қатысты «Еңбек қағидаларын бұзу» бабымен тергеу басталды.