420 млн теңге жымқырды деп айыпталған Нұрлан Мәсімовтің ісі сотқа жіберілді

201
Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал-майор Нұрлан Мәсімовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Жемқорлықпен күрес қызметінің жазуынша, "Мәсімов пен Сиразидимовке мемлекеттік сатып алу және үлескер компаниялармен келісімшарттарға қол қою кезінде "қамқорлық көрсету үшін" 90,3 млн теңге сомасында пара алды" деген айып тағылған.

Оларға "мемлекеттік бюджеттің арттех қару-жарақ сатып алуға арналған 420 млн теңгесін жымқырды" деген де айып қосылған.

Жемқорлықпен күрес қызметінің мәліметіне қарағанда, қылмыстық іс прокуратураға берілген. Облыс прокуратурасы 22 желтоқсанда әрі қарай сотқа жіберген.

Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов биыл 22 сәуірде "аса ірі көлемде пара алған" деген күдікке ілініп, оған іздеу жарияланған. Оның қайта екені туралы ақпарат үшін 12 миллион теңге сыйақы белгіленген. Биыл 13 шілдеде "Қазақстан Ресей шекарасын жалған құжатпен өтпек болған кезде ұсталды" деген хабар тараған.

Нұрлан Мәсімов – Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі. Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасау", "төңкеріс жасауға талпыну" және жемқорлық қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынған. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жыл бойғы "сенімді серігі" болған Кәрім Мәсімовтің үстінен қозғалған іс "өте құпия" саналады.