10 күн комада: Оралда босанған әйелдің отбасы дәрігерлерді айыптап отыр

440
Оралда босанған әйел 10 күннен бері комада жатыр. Әйел адамның отбасы бұл жағдайға дәрігерлерді айыптайды. Олардың айтуынша, дәрігерлер қиын сәтте ешқандай әрекет етпеген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Туыстарының айтуынша, Таңшолпан Мұқанованың жүктілігі жақсы өткен. Бірақ босануына бірнеше күн бұрын басы ауырған. Науқастың қайын енесі Жаңыл Иманқұлованың сөзінше, әйел ауруханаға жоғары қан қысымымен түскен. Жағдайы нашарлаған. Бірақ дәрігерлер Таңшолпан ес-түзсіз болған кезде ғана жағдайды түсінген.

"Келінім төсекте аузынан көбік шығып жатты, қолын көтерді. Бірақ оған ешкім бармады. Мұны басқа босанған әйелдер байқап, дәрігер шақырды. Дәрігерлер бас ауруына шағымданғанына неге назар аудармады? Олар менің келінімді аяғынан тұрғызуға, немереме анасын аман-сау қайтаруға міндетті!"- дейді Жаңыл Иманқұлова.


Таңшолпанның анасы Бибігүл Мұқанованың өзі - акушер. Оның айтуына, дәрігерлер немқұрайды қараған.  Оның пікірінше, мұндай симптомдар болса, шұғыл түрде консилиум шақырып, туыстарына хабарлап, ауыр науқасты санавиациямен елордаға жіберу қажет екен.

"Нейрохирургтың айтуынша, миға қан құйылған. Кішкентай тамырлар жарылып, миы ісінген. Бірақ қандай да бір себептермен дәрігерлер таңертеңге дейін консилиум шақырмай, көмек көрсетпей ұстады. Операция тек таңертең жасалды. Олар үйде тыныш ұйықтамаса, уақытында көмек көрсетсе, қызым мұндай ауыр жағдайда болмас еді!" - дейді әйелдің анасы.

Денсаулық сақтау басқармасының мамандары жағдайды анықтауға уәде берді.

"Республикалық мамандармен күнде консилиум өткізіледі. Қазір комиссия құрылды, оның қорытындысы бойынша перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлеріне қатысты шаралар қабылданады", - деп түсіндірді БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов.

Таншолпанға жедел кесарь тілігін жасаған, өмірге қыз бала келген. Бірақ отбасының қуанышы ұзаққа созылмады. Туыстары әйелдің өмірін сақтап қалуын және кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.