Халық көмірді несиеге алуға мәжбүр

159

Көмір бағасы шектен тыс қымбаттауына байланысты халық газға көшуді жоспарлауда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұл туралы Информбюро жаңалықтар бағдарламасы жария етті. Қазіргі таңда жұрт қатты отынды несиеге алуға көшкен. Халық жиі тұтынатын Шұбаркөл көмірін өндірушілер бағаны 13%-ға көтерді. Тасымалдаушылар да үстінен қосып, тоннасын 18 мыңға сатып жатыр. Жауапты органдар бағаны реттей алмай әлек.

Он бір жылдан бері үйін Шұбаркөл көмірімен жылытып келе жатқан тұрғындардың бірі бағаның қымбаттағанына көңілі көншімейді. Бір қыста кеміне он бес тонна көмір жағатын тұрғын отынның бір тоннасын он сегіз мың теңгеге алуға шамасы жоқ екенін айтты. Қарағанды тұрғыны Саябек тағы бағаның өсуінен қорқып, биылдан қалмай газға қосылудың амалын іздемек. 


“Қазіргі уақытта көмір жағып жатырмыз. Көмір қымбат. Сол үшін газға көшейін деп жатырмыз ғой. Көбісінің қалтасы келмейді ғой, таныстарым отынды аз-аздан алады, өйткені тоннасы он сегіз мың дейді. Кейбір таныстарым несиеге алып жатыр”, – деді тұрғын Саябек Теміржанов.


Шұбаркөл компаниясы карьердегі көмірдің он үш пайызға қымбаттанғанын мойындап отыр. Бұған дейін 8 мың теңгеге сатылған отын 1-ші қаңтардан бастап 8790 теңге болып өзгерген. Қымбаттау себебін бағаның биржа нарығында қалыптасуымен түсіндіреді. 


“Елдегі көмір сатылымы биржалық сауда арқылы жүзеге асады. Баға қор биржасындағы сауда нәтижелері бойынша қалыптасады. Яғни сату бағасын нарық өзі анықтайды. Биржалық сауданың қорытындысы бойынша анықталған көмірді көтерме сатып алушылар тұтынушылық сұранысты ескере отырып, өз сату аумағын құрады. "Шұбаркөл Көмір" компаниясы көмірді халыққа тікелей сатпайды”, – деді "Шұбаркөл көмір" АҚ бас директоры Сергей Ким.

Көмір сатушылар нақты бір бағаны қалыптастыра алмай отырғандарын айтады. Шұбаркөлдің қатты отынының бағасы әр көмір сататын орындарда әртүрлі. 13 мыңнан 18 мың теңгеге дейінгі аралықта сатылып жатыр. Ал құбылмалы бағаның себебін сатушылар түрлі қызметтердің қымбаттауымен түсіндіреді.


Сауда және интеграция министрлігінің айтуынша, олар көмірдің бағасын реттемейді. Энергетика министрлігінің өкілдері қатты отының қымбаттауын көмір өндірушілердің шығындарының көбейгендігімен түсінідіреді. Яғни дизель отынының қымбаттауы мен шикізатты өндіруге қатысты түрлі қажетті техникалар қымбаттаған.