Қызылорда тұрғындары: Қымбатшылық қысып барады

791
Облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары шарықтап тұр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Қызылорда қаласының тұрғындары азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтап бара жатқанына наразы. Тапқан табыстарының жартысынан көбі ішіп-жемінен артылмайды. Бүгінде 2 литр сүт көтерме бағамен 670-855 теңге, халық көп тұтынатын «Любимый» айраны – 520 теңге.
Тіпті, дүкен сөрелерінде қарапайым қара нанның өзі 90-200 теңгеден сатылуда. Ал, желтоқсан, қаңтар айларында 520 теңгеден саудаланып келген сүттің бағасы ақпан айында лезде 700 теңгеге өскен.


– Отырар сауда үйінің астында «Бабушкин Лужоктан» 2 литр сүтті көтерме бағамен 670 теңгеге сатып алдым. Баға қайда шарықтап бара жатыр. Жергілікті билік азық-түлік бағасы көтерілмейді, бақылауда болады деп еді. Неге айтқан сөзін іспен дәлелдемейді,  дейді қала тұрғыны Мақпал Көпболсынова.


– Газ бағасынан басқа ештене арзандаған жоқ. Азық-түліктің күннен күнге бағасы шарықтап бара жатыр. Бағаның тұрақталғанын байқамадым,  дейді қала тұрғыны Балнұр Жақсылықова.


Мемлекет басшысы «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 180 күнге дейін көтерілмейтінін айтқан болатын.


– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шынында, 180 күннен кейін азық-түлік бағалары қалай реттелмек? Бағаның тұрақты болуы тікелей әкімдердің қолында болса да, неліктен әлі күнге дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы арзандаған жоқ? Қала тұрғындарын осы мәселе алаңдатып отыр.
Осы орайда, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантиров Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені іске асырылып жатқанын айтқан болатын.


– Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыру мақсаты 2022 жылы инфляцияны 4-6 пайыздық дәлізде ұстап тұру және 2025 жылға қарай оны 3-4 пайызға дейін төмендету болып табылады. Бұл шаралардың ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылардың жалға алу ақысын төмендету, азық-түлік, жанар-жағармай, көмір, электр энергиясы, дәрі-дәрмек бағасының өсуін тежеу шаралары бар, – дейді министр.

 
Қызылорда тұрғындары әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары 2025 жылға дейін Ұлттық экономика минстрі айтқандай көрсеткішке дейін төмен түседі деген үмітте.

АЙБАР