Елімізде бала зорлығының азаймауына не себеп?
Балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Баяғыда педофилдер туралы көп естімейтінбіз. Себебі бұрын қазіргідей ажырасу, ерте жастан жүкті болу секілді жағдай көп болмайтын. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ашық-шашық жүретіндердің көбейгені адам психикасына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар қазір ұялы телефоны жоқ адам кемде-кем. Қалаған уақытта ұятсыз сайттарға кіруге болады. Мұның барлығы адамның азғындауына алып келетіні жасырын емес.
Десек те, қоғам дертіне айналған бала зорлығы көбеймесе азаяр емес. Расында бала күнін бұлыңғыр еткен өгей әкесі мен туған ағасы, тіпті ақсақалды аталар мен көрші-қолаңда бар. Статистикаға сүйенсек, бала зорлығандардың 30 пайызы жақын туыстық қарым-қатынаста болса, қалған 16 пайызы – бөтен адамдар.
Бүгінде біздің қоғам балалардың өмірін тас-талқан еткен азғындарды өлім жазасына кесу керек деп есептейді. Ал, енді бір тарап толеранттылыққа бой ұсынып, оларға өлім жазасына қарағанда жеңілдеу жаза беруді ұсынады.
Ата Заңымыздағы педофилдер туралы тармақты қайта қарау туралы ұсыныс көтерілген. Жаңа Заңға сәйкес жасөспірімдерді зорлау фактісі бойынша сотты болғандардың жазасы ең кемі 20 жылдан басталып, өмір бақи бас бостандығынан айырылуға дейін барады. Ал, сондай қылмысты жасырған мектеп, балабақша ұйымдарының басшылары 10 жыл өмірін темір тордың арғы жағында өткізеді.
Алайда, бұл жазаның өзі педофилдер үшін жеңіл сияқты көрінеді. Олай деуге басты себеп, еліміздегі педофилдер санының азаймағаны. Айта кету керек, зорлық әрекетіне тап болдым деушілердің ішінде жыныстық қатынасқа келісіммен түсетіндері де бар. Атап айтқанда, зорлаушы да, зорланушы да – жасөспірім.
Бес жылдық қорытынды бойынша құқық қорғау органдарының тізімінде 1500-ден астам педофил тіркелген. Одан бөлек зорлық ісі бойынша 3000 адам осы тізімге кіргізіліпті. Қазіргі таңда 2000-ға жуық адам жасөспірімдерді зорлау фактісі бойынша түрмеде жатыр. Айтқандай, бізде педофилдердің электронды картасы жасалынған. Онда педофил ісі бойынша сотты болған азаматтар жөнінде мәліметтер жинақталған. Кез келген ата-ана порталға кіру арқылы өз өңірінде тіркелген педофилдер жөнінде мәлімет ала алады. Десек те, бұл порталдың өмірі ұзақ болмады. Себебі зорлаған адамның бет әлбетін көруге тыйым салынғандығы тағы бар.
Отандастарымыздың көкейіндегі сауалдардың бірі шет елдерде педофилдерге қандай жаза тағайындайды?
Мәселен, Германияда педофилдер бар жоғы 6 айдан 10 жылға дейін сотталады. Егер бала педофилдің қолынан қаза тапса, оған ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айырады.
Ал, АҚШ-та педофил жазасын өтеп, түрмеден шығар кезде химиялық кастрация жасалынып, оның мектеп, балабақша маңында жүруіне тыйым салынады.
Үнді еліндегі ахуал тіптен ауыр. Мұнда әр 15 минут сайын бір бала зорлық көреді екен. Оларға өлім жазасын тағайындалады.
Қытай, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы мен Африка елдерінде педофилдерге ең ауыр жаза тағайындалады. Бұл елдерде бала зорлаған адам жер басып жүруге міндетті емес деп саналады. Африкада тіпті педофилді көпшіліктің көзінше лаулап жатқан отқа тастайды.
Ал, елімізде зорлық жасағандар үшін химиялық кастрация жасайды деген жаңалық азда болса үміт отын жаққаны жасырын емес. Алайда, урологтар оның да қылмыстың тоқтауына себеп болмайтынын айтады. Өйткені, спирттік ішімдік пен қабілетті күшейтетін дәрі ішсе кастрация күші де жойылады дейді мамандар.Сонымен қатар, білезік арқылы бақылау жасау көңілге қуаныш ұялатты.
Педофилдерге өлім жазасы тағайындалған елдерде бала зорлау фактісі тек түрмеге қамау, химиялық кастрация жасаумен шектелетін Еуропа елдеріне қарағанда анағұрлым аз екенін байқауға болады. Яғни өзге елдердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, бізде де жазаны қатаңдату керек шығар...