Күзетшілер "гранатамен" келген прокурорды мектепке тексермей кіргізген

1 356
Қостанай қаласының прокуратурасы білім бөлімімен бірлесіп мектептердегі қауіпсіздік деңгейіне тексеріс жүргізген, деп хабарлайды Opennews.kzақпарат агенттігі.



Прокуратура өкілдері барған барлық мектепте – 16, 14, 19, №1 және №2 лицейлері, Горький және Мәуленов атындағы гимназияларда заңбұзушылық анықталған.


Қостанай қалалық прокуратурасының аға прокуроры Эльмира Нұрқанованың айтуынша, олар мектептерге гранатаның муляжымен кіріп көрген. Анықталғандай, күзетшілер кіреберісте ешкімді тексермейді.


Менің сөмкемде гранатаның муляжы жатқан, мені еш кедергісіз кіргізді. Ал әріптесім, тіпті, қолындағы "гранатамен" ішке кіріп кетті. Мектеп ғимаратына тып-тыныш өткен, - дейді Нұрқанова.


Ережеге сәйкес, күзетші мектепке кіретін бөтен адамдарды металл іздегіштің көмегімен тексеруі керек. Егер ол дыбыс шығарса, сөмкесін ашып көрсетуді сұрауға құқылы. Алайда Қостанайдағы мектептерде мұндай тексеріс жүргізілмейді.


Сондай-ақ прокуратура қызметкерлері эвакуациялық есіктерді де тексерген. №19 мектеп пен Горький атындағы гимназияда олар жабық тұрған.


Тексеріс барысында пульттік күзет те өз функциясын орындамайтыны анықталды.


Келісімшарт негізінде қызмет көрсететін пульттік күзет мектепке 5-10 минутта жетуге міндетті. Алайда іс жүзінде олар кешігіп келеді. Мәселен, №14 мектепке пульттік күзеттің қызметкерлері дабыл түймесін басқаннан кейін 27 минуттан соң бір-ақ жеткен, - дейді Эльмира Нұрқанова.


Тексеріс нәтижесі бойынша прокуратура білім бөліміне заңбұзушылықтарды жою бойынша ұйғарым жібереді. Білім бөлімі проблемалар барын жоққа шығарған жоқ. Мамандандырылған күзет қызметтері енді іске кіріскендіктен, жұмыс пысықталып жатыр, дейді олар. Мысалы, күзетшілер үшін жас шектеуі енгізілген. Енді 50 жасқа дейінгі адамдар ғана мектепке күзетші болып орналаса алады.


Прокурорлар басқа білім ошақтарын да тексеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар тексеріп өткен мектептерге қайта барып, олқылықтарды жойып-жоймағанын анықтайды.