ШИЕЛІ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ӨТІРІГІ АШЫЛДЫ

4 723

Шиелі ауданының тұрғыны аудан әкімдігін халыққа жалған ақпарат бергені үшін сотқа бермек,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап. 


  Соңғы уақытта Қызылорда облысына қарасты аудан әкімдерінің халыққа жалған уәде берген жағдайлары жиі анықталып, БАҚ бетінде ел наразылығын тудыруда. Естеріңізде болса, Еуразия арнасында «Көреміз» бағдарламасы Жаңақорған ауданы әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың өтірігінің артын ашып, жұрттың жағасын ұстатқан болатын. 


Енді Шиелі ауданы әкімдігінің атқарған жұмысы туралы  аудандық газетке шыққан ақпарат туралы аудан тұрғыны Қаратай Мырзахметов жалған ақпаратқа қапа болып, аудан әкімдігін сотқа бермек. Оның айтуынша 28 ақпан 2023 жылғы аудандық газетке шыққан ақпаратта «...Тоғайлы елді мекеніне балалар ойын алаңы салынып, аталған елді мекенге баратын 6,5 шақырым жол тегістеліп, тас төселіп, электр жарығының 6 бағанасы ауыстырылды» деп жазылған. Бұған ашуланған тұрғын «... Қып-қызыл өтірік қой. Неге халықты алдап, жалған ақпарат жазады?» деп жағасын ұстаған.


Тоғайлы ауылының   бастауыш мектебі жабылып, бүгінге тұрғындардың тіршілігі сүрең тартқан. Ауыл мектебі жабылғанын аудандық білім бөлімі бала санының азайғанымен байланыстырады екен. Ал мал ұстаған тұрғындар, ауыл тоғайына мал өрбітіп жан бағып отырғанын айтады. 



Шындығында аудандық билік назарынан тыс қалған тұрғындар Шиелі ауданы әкімдігінің  жалған ақпаратының артында қаншама қаржыны құйтұрқы әрекетпен жымқыруы жатыр ма деп күмәнданады. 

Ал, Шиелі аданы әкімдігі, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жомарт Байәділов : 

«Мен ол ақпаратты кім шығарғанын, мен айта алмаймын.» деп қысқа қайырған. Ауыз су мәселесі бойынша сынамалар алынып, келесі жылға қалдырылғанын айтты. Алайда келесі жылға дейін бұл қарқынмен ауылда тұрғын болама әлде болмайма деген сауал туады. 

 

Аудан тұрғыны Қаратай Мырзахметовтің қолына ұстап, жағасын қоса ұстатқан аудандық газеттің бетінде аудан әкімі Нұржан Ахатовтың түрлі түсті суреті бейнеленген екен. Бұл жағдайды көріп, аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының  сөзі мен ісі сәйкес келмей ме деген сауал еріксіз туындады. Халыққа жалған уәде беретін жағымсыз шенеуніктердің қатарын толықтырмақ па? 


https://www.youtube.com/watch?v=jngLB9IBTeI