Көршісіне қалдырған баланы күтушінің 3 жасар қызы буындырып өлтірген

279

Алматыда екі жасар сәбиді өлтірді деген күдікпен көрші-күтуші тергелуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.



Бірақ сәбидің өліміне «қатысым жоқ» деп, өзіне шаң жуытпаған. Ұлынан айырылған ата-ана бұған сенбейді. Қазір бостандықта жүрген әйелдің дереу қамалғанын талап етіп отыр.


Қайғылы оқиға Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында болды. Сәбидің ата-анасы 23 наурызда дәл осы үйге екі бірдей баласын күтушіге тастап кеткен. Алайда екі күннен кейін бұл баспанадан балаларының тек біреуі ғана тірі шықты.


Күтушінің өзі тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырып өлтіргенін айтыпты. Бірақ қара жамылған ата-ана екі жасар баланың өліміне сол күтушінің өзін кінәлап отыр.


«Есігінің алдында, табалдырықта бала қимылсыз жатыр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Саусақтың іздері бар, тұншұқтырған. Мына жерден. Сол әйелдің өзі істеді деп күдіктенемін. Өйткені үш жасар қыз өлтіретіндей емес», – дейді баланың анасы Алтынай Көшерова.


Уақытша күтуші болған әйел алыстағы адам емес. Туысының көршісі екен. Арасында ақысына балаларын қарап жүріпті. 30 жастағы әйел сәбиді өлтірді деген күдікпен сол күні-ақ ұсталған. Бірақ құзырлы органдар оны он күннен кейін босата салды дейді қара жамылған ата-анасы.


«Сұрасақ, күдікті ретінде толық мәлімет аз дейді. Бұған қандай мәлімет керек? Менің балам өлді. Адам ары қарай тайраңдап өмір сүре беру керек пе?» – дейді әкесі Қаржаубай Киымбаев.


Әу баста іс 141-баптың екінші бөлігі, яғни абайсызда жас баланың өліміне әкеп соғу бойынша қозғалған. Бірақ, тергеп-тексерудің нәтижесінен кейін, келесі күні бірден жас баланы өлтіру бабына ауыстырылған. Прокурорлар күдіктінің қадағалауда екенін айтады.


«Талғар ауданы сотында Талғар ауданы полиция басқармасының өтініш хаты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімде ұстау бойынша қаралуда. Біз бүгін оны жолдаған болатынбыз. Дәл қазір ұсталған күдіктінің бұлтартпау шарасына сәйкес сотқа барады, сот ары қарай екі айға ұзартылады немесе басқа да шешім шығуы мүмкін», – дейді Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Рашид Чотбаев.


Ал күтуші болған 30 жастағы әйелдің жақындары аң-таң болып отыр. Сөздерінше, оның баланы өлтіруіне еш себеп те, негіз де жоқ.


«Баланы баққаннан кейін өлтіремін деп бақпайсыз ғой. 5-10 теңге болсын деп баққан. Өзінің үш баласы бар, өзі төртіншісіне аяғы ауыр. Тиын-тебен болсын, ана жақтағылар да жұмыс жасайық деп, екі баласын әкеп беріп отыр ғой. Кішкентай баланы буындырып қойды деп айтқаны болмаса, болды. Басқа ештеңе айтылған жоқ», – дейді күтушінің туысы Нұрмира Кененбаева.


Күтуші әйелдің жақындары да, бақилық болған баланың ата-анасы да тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 20 жылдан бастап өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.