Арыстағы жарылыстан кейін өтемақысын ала алмаған тұрғындар наразылықтарын білдірді
251
Арыстағы жарылыстан кейін екі жарым жыл өтсе де, әлі күнге дейін өтемақы алмаған тұрғындар аудандық соттың алдына жиналды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Тергеу аяқталған соң мәселені әскери сотемес, жергілікті сот шешеді деп мәлімдеген. Мұны жақында ғана естіген тұрғындар, өздерін екі жылдан бері сабылтып қойғандарға ашулы. Өтемақы алмақ болып, әскери сотқа түрлі дәлелдер өткізген жүзден астам тұрғын өз наразылықтарын білдірді. Өйткені екі жылдан бері ақша күткен тұрғындарға әскери сот енді олардың талаптарын аудандық сот қарайтынын айтқан.Мұны естіген халық арыздарын алып Арысқа барған. Бірақ Арыста да тұрғындардың арызы қабылданбаған. Сөздерінше, аудандық сот өкілдері оларға "екі жарым жыл өтті, құжат жүзінде толық дәлел керек, болмаса арыз қабылданбайды" деген. Алайда, әскери сотқа өткізген құжаттарын қарапайым жұрт сұрап ала алмапты.
"Дәлелдемелер әкеліңіздер дейді. Ал біздің дәлелдемелер әскери сотта жатыр. Ал енді біз әскери соттан дәлелдемелерді бер десек, әскери сот бергісі келмейді. Айналып келгенде әуре-сарсаңға түсіру, арыз-шағымды қабылдамауға іс-әрекет жасап жатыр", – деп мәлімдеді Арыс қаласының тұрғыны Мәди Қалқожаев.
Өтемақысын даулаған Айтбек Рысбек жарылыс болған кезде құрылыста жұмыста болғанын айтады. Айтуынша, сол сәтте денесіне оқ тиген. Содан бері толық айықпаса да, әлі күнге дейін өтемақы үшін бір тиын да алмаған. Жиналғандардың арасында Айтбек сынды оқ тиіп, жарылыстың зардабын тартқандар көп.
"Айтып отырмын ғой. Бастан зақым алғанмын. Көз алынып тасталынды. Екінші көзім 30% көреді қазір. Тамақ, өзі көрініп тұр ғой міне, дауыс желбезегі зақымдалған", - дейді Айтбек Рысбек.
"Балама және өзіме оқ тиді. Үш жылдай үйде екі балдақпен жаттым. Жұмысқа жарамадым. Мынау аяғымның оң табанына үш мәрте операция жасаттым Шымкентте", – деді тұрғын Жұпар Есмағанбетова.
Ал аудандық соттың мамандары әр тұрғынның шағымы жеке қабылданып, заң аясында қаралады деп сендірді. Әрі халықтың "жергілікті сот шағымдарымызды қабылдамады" дегені қате түсінік деп ақталды.
"Ондай жағдай орын алған жоқ. Азаматтар талап қою арызымен жүгінді. Қазіргі таңда талап қою арызының өзінің азаматтық процестік кодексі бойынша тиісті түрдегі мерзімі бар. Ол жерде әр түскен арызды судъя қабылдап, тиісті дайындық жүргізеді", – деп мәлімдеді Арыс аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Сауран Бақытбек.
Қарапайым халық қайта дәлелдеме жинауға күшіміз де, жағдайымыз да жоқ деген соң соттағылар 800 томдық істі алдыртамыз деп уәде берді.