ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН МҰРАТЫ: БІРЛІК, ТЕҢДІК, ӘДІЛДІК

148
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті жолдауын айқындап берді,  - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Президенттің бұл қадамынан барша қазақстандықтар ел өмірінде қордаланған өзекті мәселелердің тиімді шешімін, жарқын болашаққа бастар игілікті жоспарлар күткені белгілі. Сол үміт ақталғандай. Мемлекет басшысы халыққа арнаған осынау бағдарламасында барлық саладағы мәселелердің оң шешімін ұсынып, жаңа Қазақстанды құрудың басымдықтарын атап өтті.


Президент жолдауынан түйгеніміз – жал пыұлттық референдумда тұғырын бекіткен саяси жаңғыру енді шын мәніндегі экономикалық өз герістерге ұласпақ. Бұл ретте «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өз геріп, мемлекет, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау жасалып, мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмек көрсетілмек. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдай отырып, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары ретінде жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлуді атады. Бұл үшін баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту, монополистердің тарифтерін қатаң бақылауға алу, тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет. Екінші, экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабыл дау қажет. «Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн. Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек. Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Сондықтан бұл институтты ретке келтірген жөн.


Салық саясаты түсінікті жүру керек.


 Экономиканың тұрақты өсуі үшін салық саясаты түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуі керек. Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді.Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс. Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек. Тағы бір басымдық – салықтық ынталан дыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Осы ретте, Мемлекет басшысы, автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне арнайы тоқталып, кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктердің заң аясынан тыс қалуы қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп жатқанын сынға алды. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабыл дауды тапсырды. Сонымен қатар 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерді заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынды. Алайда бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара болмақ. Мемлекет басшысы осы ретте кеден жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажет тігін де айтып, салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау қажеттігін шегеледі. Шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс.

Көрпеге қарай көсілген жөн.

 
Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың бірі бюджет қаражатына қатысты болды. Президент бұл ретте үнемдеу, яғни, көрпеге қарай көсілудің қажеттігін мәлімдеді. Үкіметке бюджет саясатына реформа жасау жүктелді. Оның аясында бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіліп, олар бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде назарға алыну керек. Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Қордың қаражаты аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға ғана жұмсалатын болады. Бюджет үдерістері барынша жеңілдетіліп, мемлекеттік органдарда игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруға мүмкіндік беру міндеттелді. Президенттің айтуынша, осы арқылы ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылатын боламыз. «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмса латынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет.

Кәсіпкерлікті қолдау артады.

 
Мемлекет басшысы экономиканың бәсекеге қабілетін арттырудың төте жолы ретінде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты да нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте мемлекеттің енді, қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беретіні белгілі болды. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалып, бұл орайда бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болмақ. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігіне қатысты да нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы бұл орайда қазір көптеген жобалардың кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналғанын орынды айта келіп, келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалу қажеттігін мәлімдеді. Үкіметке арнайы заң әзірлеп, онда осы мәселенің құқықтық негізін жасауды міндеттеді. Отандық бизнес үшін түйткілді мәселе болып отырған несие ресурста рының тапшылығына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.    Мемлекет басшысы осы ретте кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін айқындау қажеттігін де шегеледі. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақса тына сай игерілмеген жердің бар-жоғы анықталу қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуі тиіс.

Инвестициялық тартымдылық басты назарда.

 
Экономиканың күре тамыры нақты секторды дамытуға қатысты да заңнама мен рәсімдерді қайта қарап, оларды барынша қолдануды жеңілдетуді ұсынды. Бұл ретте алдымен жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тартуға маңыз берілді. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажеттігі айтылды. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру міндеттелді. Өз тапсырмасы бойынша былтыр тиімділігі айқындалған арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшу қажеттігін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастаған уақытта бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі.   Жолдаудан белгілі болған тағы бір мәселе енді мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. «Самұрық-Қазына» қоры экономи каның басты салаларына бақылау жасауға ғана жеткілікті ықпалы бар мажоритарлы инвесторға айналады. Сондықтан қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвестор лар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды.

Жерді игеруге әкімдер жауапты.


 Елдегі өзекті мәселе болып отырған азық түлік өнімдерінің қымбаттығы мен қауіпсіздігі мәселесін шешу ауылшаруашылығының даму деңгейіне байланыстылығы белгілі. Мемлекет басшысының бұл салаға айрықша тоқталуы заңды еді. Жолдауда оның өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру стратегиялық міндет ретінде мәлімделді. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман еместігі, өнім шығарудың өзектілігі атап көрсетілді. Бұл үшін үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек.Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді.Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Ауылшаруашылығында озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Сондықтан, осының бәрін жинақтайтын цифрлық платформа енгізілуі керек. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Осы орайда, Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерге қатысты да нақты міндеттер айқындады. Президенттің айтуынша, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуық. Үкімет пен әкімдіктерді келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға шақырды. Сонымен қатар Су кеңесінің жұмысын жандандырып, оған білікті сарапшыларды жұмысқа тарту, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу тапсырылды. 


Ұлт саулығы – даму кепілі. 

 Еліміздің басты құндылығы – адамға қамқорлық, оның саулығы нақты бағдардың өзегі болды. Мемлекет басшысы бұл ретте ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты болатынын мәлімдеді. Осы орайда бірқатар өзекті мәселелерді Үкіметтің назарына салды. Соның бірі денсаулық сақтау ісі. Бұл салада қанша реформа жүргізілсе де ілгерілеушіліктің болмай отырғанын атап өткен Президент бұған қаржының жеткілікті бөлінбеуін себеп етті. Осының салдарынан жұртшылық сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызметті толық көлемде ала алмай отыр. Мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті болып екіге бөлін ген жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Мемлекет басшысы ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыттың туғанын айтып, Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударып, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. «Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады» деді. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап көрсетті. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейетінін айтты.

«Жайлы мектеп» жобасы білім сапасын арттырады. 


 Білім беру ісіне қатысты да көптің көкейіндегі мәселелер қозғалды. Елімізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана бала бақшаға баратынын айтып, бұл мәселені түпкілікті шешу міндеттелді. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілу қажеттігін атап көрсетті. Табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты – орта білімнің сапасын жақсарту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі болды. Соның аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. Бұл апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады деген сенім бар. Осы орайда Президент жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиістігін мәлімдеді. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек.   Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн. Ал, мұғалімдерге қатысты педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданып, ұстаздардың құзырет аясы айқындалатыны белгілі болды.      Мемлекет басшысы осы орайда қоғамдағы пікірталасқа өзек болып жүрген қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесіне қатысты нақты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Ата-аналар мен оқушылар алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есеп-шоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капиталы деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн. Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады.Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. 

Еңбекақы нарыққа сай болсын. 


Жолдауда айқындалған басымдықтың бірі халықтың әл-ауқатының артуындағы шешуші фактор – еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру болды. Президенттің айтуынша, мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғай туға мүмкіндік береді. Осыған орай, Мемлекет басшысы тарапынан ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Қоғамда жиі көтеріліп тұрған зейнетақы жүйесін қатысты да нақты қадамдар жасалмақ. Мемлекет басшысы бұл ретте зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажеттігі жайлы өз ұстанымын білдірді. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегіне орай әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылмақ. Осы орайда Президент Үкіметке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізілмек. Осы шараның аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. Жастарды қолдауға қатысты нақты міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысы бұл орайда Үкіметті еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруді міндеттеді. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді.

Ұлттық қор табысынан балалар үлес алады.


 Жолдаудағы көптің көкейінен шыққан Президенттің әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керектігі жайлы мәлімдемесі көпшілік көңілінен шыққаны анық. Бұл орайдағы қабылданған шара Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарлама щеңберінде шешімін таппақ. Сонымен қатар, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару жайлы Президент ұсынысы да ел болашағын қамдаған игілікті шара. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп-шоттан шығарып алуға болмайды. Ол балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Президент бастаманы мұқият әзірлеу қажет тігін ескере отырып, Үкіметке жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды. Сол секілді «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Президент бұл қорға табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтарды демеушілік көрсетуге шақырды. Осы орайда адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі екеніне айрықша тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мақсатқа қол жеткізу үшін тиімді көші-қон саясатын жасаудың да маңыздылығын ұмытпады. Оның айтуынша, осы арқылы сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет. Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек.

Мемлекетті білікті кадрлар басқаруы керек.


 Осы мақсаттардың жүйелі түрде жолға қойылып, тиімді жүзеге асуы мемлекеттік басқару ісінің сапасына байланысты болса, Мемлекет басшысы бұл тұрғыда да нақты басымдықтарды айқындап берді. Жалпы, экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажеттігі белгілі. Осы орайда, Президент жұртшылықтың бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалыққанын, халықтың мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайтынын баса айтты. Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекет тік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру қажеттігін мәлімдеді. Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге беруді ұсынды. Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауап беру қажеттігін атап көрсетті. Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет. Премьер-Министр кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ. Басты мақсат – оның атауын өзгерту емес, нақты реформа жасау. Орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі де айтарлықтай кеңейтілуі керек. Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Осы мәселелерді ортаға сала келіп, Президент Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырды. Осы орайда Мемлекет басшысы елімізге са палық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар қажеттігіне де назар аударып, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Квазимемлекеттік сектордағы басқару ісінің тиімділігін арттыруға айрықша назар аударған жөн. Бұл бағытта нақты жұмыс атқарыла бастады. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қорының жаңа жұмыс үлгісін түпкілікті айқындап алу қажет. Әлемдегі ең үздік инвестициялық және өндірістік компанияларды үлгі ретінде алу керек.

Ар тазалығы қазыларға міндет.


Жолдауда Мемлекет басшысы айрықша тоқталған мәселенің бірі заң үстемдігіне, сот төрелігінің әділдігіне қатысты болды. Бұл орайда қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау міндеттелді. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Осы жайды айта келіп, Президент Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынды. Жоғарғы Соттың судьялары да сайлау арқылы таңдалу керек. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс. «Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. Апелляция институтын реформалау қажет. Істер бірінші сатыдағы сотқа қайтарылмай, нақты мән-маңызы бойынша шешім шығарылуы керек. Әкімшілік әділеттің қолданылу аясын да кеңейту қажет. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мемлекеттік органдармен арадағы азаматтық-құқықтық даулардың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттелуі отандық сот төрелігін барынша ізгілендіріп, әділдікке бастайды. Сонымен бірге, аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мәселесін пысықтау керек. Бизнес өкілдері сот алымдарының тым жоғары болуы олардың өз мүддесін қорғауына айтарлықтай кедергі келтіреді деп есептейді. Бұл – орынды базына. Сондықтан қазіргідей талап-арызда көрсетілген сомадан алынатын пайыз мөлшерінің орнына мүліктік даулар бойынша ойға қонымды алым мөлшерін белгілеу қажет. Мемлекеттің сот процесіне қатысуын азайтқан жөн. Мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларын да ретке келтіретін кез келді. Егер екі министрлік заң нормаларын әртүрлі түсінсе, ондай мәселені Үкімет түпкілікті шешуге тиіс. Дәл осындай тәсілді мемлекеттік органдардың мемлекеттік ұйымдармен арадағы дауларына да қатысты қолдану қажет.

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасалмақ.


 Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді көтергенде қаңтар оқиғасына айрықша тоқтады. Иә, бұл сәттің тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болғаны белгілі. Президент бейбіт шеруді мемлекетке қарсы бүлікке арандатқандардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кеткенін, шын мәнінде, кінәсі әлдеқайда ауыр екенін мәлімдеді. Өйткені, жағдайды қасақа на ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды. Президент өзіне өтініш жолдаған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдерінің тілегіне орай елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау керектігін айтты. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырды. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпеуі керек.
Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отырғанын ескере отырып, оларға кешіріммен қараған дұрыс. Осыны айтқан Мемлекет басшысы өзінің қаңтар оқиғасына қатысушы ларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын жария етті. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды. Осы ретте Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесіне қатысты ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Сондықтан мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді. Сонымен қатар, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігі айтылды.


Айша ҚҰРМАНҒАЛИ